Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр — Мәди Такиев
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтай отырысынан кейін өткен брифингте Қаржы министрі Мәди Такиев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымын арттыру жоспарлары туралы мәлімдеді.
— Өзбекстанмен тауар айналымымыз белсенді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 4,7 млрд долларға жетті. Биылғы жылдың 9 айында тауар айналымы 3,7 млрд доллар болып, 29%-ға өсті. Алайда алдағы уақытта оны 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті тұр, — деді ол.
Министр, сондай-ақ, осы мақсатқа жету үшін екі елдің кеден қызметтерінің өкілдіктерін ашу туралы келісімге қол қойылғанын атап өтті.
— Бұл өкілдіктер отандық және шетелдік кәсіпкерлерге практикалық әрі теориялық көмек көрсетіп, тауар айналымын арттыруға ықпал етеді. Мысалы, тауарлардың шекарада тұрып қалмауын қамтамасыз ету және басқа да мәселелерді Өзбекстандағы әріптестерімізбен бірлесіп шешу көзделіп отыр, — деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасындағы өткізу бекеттерінде қандай өзгеріс болатынын жазғанбыз.