Қазақстанның Сыртқы істер министрі БҰҰ Бас хатшысымен кездеседі

АСТАНА. KAZINFORM — Қыркүйектің 22-28 күндері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас ассамблеясының 81-сессиясының жоғары деңгейдегі апталығы өтеді. Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді басқарады.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсеновтың айтуынша, сессияның тақырыбы — «Сенімді қалпына келтіру. Өзгерістерді басқару. Баршаға қызмет ететін БҰҰ».

Күн тәртібінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді жеделдету, климаттың өзгеруіне қарсы іс қимыл және қоршаған ортаны қорғау секілді мәселелер болады. Сонымен бірге, адам құқықтары, жаңа технологиялар мен жасанды интеллектіні басқару, БҰҰ реформасы да апталықтың күн тәртібінде көрсетілген.

— Қазақстан үшін жоғары деңгейдегі апталық ұлттық және өңірлік бастамаларды ілгерілету, екіжақты байланыстарды нығайту және жаһандық әрі өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша бірлескен шешімдер әзірлеу тұрғысынан маңызды алаң болып саналады, — деп атап өтті Жанболат Үсенов апталық брифингте.

Сапар бағдарламасы делегация басшысының жалпы пікірталас барысындағы сөз сөйлеуін, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттеришпен кездесуін, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомство басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен және шетелдік компаниялардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізуді көздейді.

Делегация бірнеше өңірлік ұйымдар мен көпжақты бірлестіктердің бейресми отырыстарына, БҰҰ Бас ассамблеясының мандаттық іс-шараларына, сондай-ақ Орталық Азия елдері Сыртқы істер министрлерінің консультацияларына да қатысады.

Бұған дейін ҚР СІМ ресми өкілі Грузияда рұқсатсыз жұмыс істегендер 5 жылға дейін елден шығарылуы мүмкін екенін айтқан еді.