Қазақстанның 200 ұстазы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстандағы 200 ұстаз «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды.

Бүгін Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде атақ иегерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Оның 51% - ғылым докторлары, 37,5% - профессорлар, қалғандары - ғылым кандидаттары, қауымдастырылған профессорлар, доценттер.

Конкурс жоғары оқу орындарының 70 пайызын қамтыды. Екі кезеңнен тұрған байқауға 97 жоғары оқу орнынан 500-ден астам өтінім түсті. Оның 49-ы мемлекеттік және 48-і жекеменшік. Екінші кезеңде электрондық айқындау барысында ұстаздық қызметінің үздік нәтижелерін көрсеткен 200 үміткер таңдап алынды. Конкурс жеңімпаздарының 50 пайызы ғылымның көкейкесті: физика-математика, биология, медицина, химия ғылымдары салаларынан. Ал 31 адам педагогикалық ғылым саласынан.

«Бұл жерде еліміздің ең үздік оқытушылары жиналған. Мен бұған шын жүрекпен қуаныштымын. Залдағылардың 80 пайызын мен өте жақсы танимын, олар өздерінің қажырлы еңбектерімен, болашақ жастардың қолында екендігін дәлелдеп жүрген менің кешегі әріптестерім. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы дәл осы жастарға бағытталған және Мемлекет басшысы олардың тәрбиесіне жете назар аударуда», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өзінің құттықтауында.

Министр марапаттау барысында, жеңімпаздарға гранттар табыс етті. Бұл грант жоғары оқу орнының оқытушыларына әлемнің Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Бельгия, Польша, Чехия, Венгрия, Швеция, Австрия, Болгария, Литва, Латвия, Ресей және басқа да елдердің үздік жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік бермек. Бұдан басқа грант иегерлері бір жыл ішінде халықаралық, республикалық ғылыми конференциялардың, симпозиумдардың, конгрестердің, ғылыми зерттеу тақырыбы және оқу процесін ұйымдастыру мәселелері бойынша семинарлардың жұмыстарына қатыса алады.