Қазақстанның бес өңірінде 80 үйді су басып, апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің су басу қаупі артып отырған өңірлерінде тәулік бойы алдын алу шаралары енгізіліп, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің құтқару бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да ұйымдардың күшімен апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілуде.

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті ақпараттандыру және мемелкеттік тіл басқармасының хабарлауынша, Ақмола облысының Атбасар қаласында тұрғын үйлерді судан қорғау үшін инертті материалдар толтырылған қаптармен бөгендер салынуда. Барлығы 19 100 қап қаланған. Бұдан бөлек, жыра мен сай-салаларды кеңейту, тереңдету жұмыстары атқарылып жатыр.

Ал Целиноград ауданы Талапкер ауылында Есіл өзенінің арналарын кеңейту шаралары қолға алынған. Ағын суларды сарқу жұмыстары атқарылып, жалпы 2736 мың текше су сорылған. Қоянды ауылында жиналған суларды ағызатын арналар ашылып, 400 метр арна қазылған. 2160 текше метр су сорылды. Бірлік ауылында қолдан дамбалар тұрғызылуда. Ақмол ауылында инертті материалдар толтырылған қаптармен бөгеттер жасалып жатыр.

Астрахан ауданының Бесбидайық ауылында да жағдай осыған ұқсас.
Ал Көкшетау қаласында Көкшетау балалақ психоневрологиялық медицина-әлеуметтік мекемесінде жертөледен жиналған 180 текше метр ағын сулар сорылған. Жалпы Ақмола облысында ТЖ комитеті мен жергілікті атқарушы органдардың, полиция қызметінің 743 адамы мен 110 бірлік техникасы осы жұмыстарға тартылып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысының Теңдік ауылында - Шаңалытеңіз көлінде мұз жару жұмыстары 500 шаршы метрге жасалды.
Тайынша ауданының Келлеровка ауылында жиналған ағын сулар 37 үйдің ауласын басып қалған. 26 адам басқа орындарға эвакуацияланып, 50 мал басы айдап әкетілді. Халыққа су басу қаупі туралы хабарлама жасалды. Ағын суларды қашыру жұмыстары жүргізілген.
Ал Многоцветное ауылындағы 5 үй мен 25 ауланы су басқан. Су деңгейі 20-30 см құрады. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінің көмегімен суларды ағызу жұмыстары жүргізілуде.

Тайынша ауданы Красная ауылында әлі де 25 үй мен 37 аула судан тазартылмаған, 42 тұрғын уақытша туыстарының үй-жайларына жайғастырылды.

Доброжановка ауылында 7 үй мен 26 ауланы су басты. 48 адам көшірілген. Апат орнында инженерлік техникалар жұмылдырылып отыр. Жағдайды ұдайы бақылау үшін түнгі уақытқа кезекшілік ұйымдастырылды.

Обуховка ауылында 5 үйді ағын сулар басып, 22 адам эвакуацияланған. Жиналған суларды шығару үшін тиісті шаралар атқарылуда. Бұл ауылда жағдай тұрақты, су деңгейі төмендеп келеді.
Есіл ауданының жаңа өзен ауылында 8 үйдің ауласын да су басқан. Жергілікті деңгейдегі жолдарды ашу үшін инженерлік жұмыстар атқарылып жатыр.
Аққайың ауданы Безлесное ауылында жиналған суларды ағызу үшін жол жабындарын бұзу жұмыстары жүргізілген.
Ал Петропавл қаласында 17 тұрғын үйдің аумағынан 1300 текше метр су сорылған.

Ақтөбеде Жаңа Әлжан каналының жағасын нығайту жұмыстары жүргізіліп, 3500 текше метр су сорылған.
Қостанай облысының елді мекендерінде 5400 текше метр су сорылды. Су басу қаупіне қарсы шаралар Қостанай қаласында, Қостанай ауданы Тобыл ауданында, Арқалық қаласындағы Северный және Мұнайбаза ауылдарында, Ұзынкөл, Қашар, Федоровка, Таран, Сарыкөл ауылдарынджа жүргізілді.

«Бүгінгі күні 80 үй су астында қалды, оның ішінде Қарағанда қаласы, Красная поляна ауылы, Доброжановка ауылы, Обуховка, Многоцветное ауылы және Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы елді мекендер, Қостанай қаласындағы тұрғын үйлер бар. Су басқан үйлердегі су деңгейі 10 -20 сантиметрге жетеді. Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының ТЖ комитеті құтқару бөлімшелері, жергілікті атқарушы билік және басқа да жұмылдырылған ұйым күштерімен уақытша 23429 метрді құрайтын бөгеттер тұрғызылған. Ал Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында инертті материалдар толтырылған 78338 қап қаланған; Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 328712,8 текше метр су сорылды. Жалпы су басу қаупіне қарсы 2332 адам, 570 бірлік техника жұмылдырылып, 116 сусорғы құрылғылары, 19 жүзу құралдары пайдаланылды», - делінген баспасөз баянында.