Қазақстанның еті Мәскеуде сатыла бастады - вице-министр М.Өміряев

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанның еті Мәскеуде сатыла басады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өміряев мәлім етті.

Оның айтуынша, бас кезінде сиыр етін Кедендік одақ елдеріне тасымалдау мәселесі қаралғанда, аталған өнімнің мұздатылған (замороженный) емес, тоңазытылған (охлажденный) түрін экспорттау туралы шешім қабылданды. Содан Қазақстанның «Crown Батыс» сияқты компаниялар Ресей нарығына шығып, өз өнімдерін Мәскеуде сатуға кірісті. «Мәселен, мен ғаламтордан «Москворецкий» сауда үйінің бір жарнамасын тауып алдым. Онда «Мәскеуде алғаш рет қазақстандық сиыр етінің тоңазытылған түрі сатылады» деген жазу бар. Бір қызығы, олар қазақтың ақ бас сиыры Ресейдің оңтүстік-батыс аймақтарында шығарылды деп берген. Дегенмен, біз жарнамаға қарап отырған жоқпыз. Қазақстанның еті сатылса болды», - дейді М.Өміряев.

Вице-министр атап көрсеткендей, бүгінде Қазақстаннан көрші Ресей Федерациясына тасымалданатын ет өнімдерінің көлемін дөп басып, айту қиын. Себебі нақты статистика жүргізілмейді.