Қазақстанның облыс орталықтарында Ұлттық ұланның роталары құрылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатының депутаттары 2017-2019 жылдарға арналған Ұлттық ұланды дамытудың кезекті бағдарламасын талқылауда. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Ұлттық ұлан бас қолбасшысының орынбасары Мұхаметқали Сатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті отырысында 2017-2019 жылдарға арналған Ұлттық ұланды дамытудың кезекті бағдарламасын талқылайды. Қазіргі уақытта ұлттық қауіпсіздігіміз қорғауға Ұлттық ұланымыз дайын тұруы қажет. Өйткені, елімізде, әлемде терроризм мен экстремизм қаупі бар. Сол үшін материалдық-техникалық жағынан дайын болуымызді көздейтін бағдарлама әзірледік», - деді ол.

Оның айтуынша, осыдан 2 жыл бұрын Елбасы  Жарлығымен Ішкі әскер Ұлттық ұлан ретінде қайта құрылып, қосымша міндеттер жүктелген. Мәселен, бұрынғы Төтенше жағдайлар министрлігі қысқартылып, оның ішкі әскер бөлімі  Ұлттық ұланның қарамағына өткен.

«Соған байланысты Қазақстанның кез келген  аумағында төтенше жағдай орын алған кезде халыққа көмек көрсетеміз. Облыстарда жаңадан рота, бір қалада  әскери бөлім ашу жоспарлаудамыз. Біз жүргізген сараптама соңғы 3-4 жылда төтенше жағдайлардың көбейіп келе жатқанын көрсетті. Демек біз табиғи техногендік апаттарға дайын болуымыз керек. Кадр жеткілікті. 1997 жылы Президент тапсырмасымен Петропавлда әскери иститут ашылған. Биыл бұл әскери институтқа 20 жыл болады. Осы жылдың ішінде 3 мыңнан аса кадр дайындады. Академиялық деңгейде кадрларды Ресей, Беларусь, Түркияда дайындаймыз», - деді Сатов.