Қазақстан–Өзбекстан шекаралық келісімі бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері арасындағы Қазақстан–Өзбекстан мемлекеттік шекарасының режимі туралы келісімді ратификациялады.

Фото: Ақорда

Заң жобасын Мәжілісте Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары — Шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов таныстырды.

Оның айтуынша, келісімге 2024 жылғы 8 тамызда Астанада екі елдің сыртқы істер министрлері қол қойған.

— Келісімнің басты мақсаты — Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекарадағы тәртіпті құқықтық негізде айқындау, — деді Ерлан Алдажұманов.

Құжатта мемлекеттік шекараны күзету, адамдарды, көлік құралдарын, жүктер мен өзге де мүлікті шекара арқылы өткізу тәртібі белгіленген.

Сондай-ақ мемлекеттік шекара үстінен ұшуларды жүзеге асыру, шекара маңындағы аумақтар мен шекаралық суларда шаруашылық және өзге де қызмет жүргізу мәселелері қамтылған.

— Құжатта шекарадағы тосын жағдайларды реттеу тетіктері де көзделген, — деді ол.

Ерлан Алдажұмановтың сөзінше, келісімді ратификациялау Қазақстан–Өзбекстан шекарасындағы тәртіпті нақтылап, ұлттық қауіпсіздікті нығайтып, екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді.

Ол құжаттың теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдары жоқ екенін айтты. Сондай-ақ келісімді іске асыру республикалық және жергілікті бюджеттен қосымша қаржы талап етпейді.

Өзбекстан бұл келісімді 2025 жылғы 26 қаңтарда ратификациялаған еді.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылдың алғашқы төрт айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы артқаны хабарланған еді.