Қазақта хан мен сұлтан қалай сайланған
Қазақта хан сайлауы, кейін аға сұлтандар сайлауы, тіпті болыс сайлауы да болды. Шыңғыс хан, төре тұқымынан шыққан атақты би, батыр, көреген саясаткерлер қалай таңдалды? Сайлау жүйесі дәуірлерде қалай өзгерді? Kazinform тілшісі тарихшылар пікірін тыңдады.
Көрінген адамды сайлау мүмкін емес еді — Жақсылық Сәбитов
Қазақ даласындағы сайлау жүйесінің өз тарихы бар. Тақ қашанда талас тудырды, бірақ тақты ешкім әкеден балаға мирас етіп қалдырмады. Бұл — әділдіктің бір белгісі. Алайда кім көрінген хан, аға сұлтан бола алмады. Тек Шыңғыс хан тұқымы, төрелер билік басында болды.
— Хан сайлауы құрылтайда болған. Әрине ол кезде құрылтайға хан әулеті ғана қатысқан. Дегенмен оны да сайлау деп айтуға болады. Бір анығы — билік атадан балаға мұра болып қалмаған, сайлау өткізілген. Кейде сайлау өтті деген аты ғана болса, кейде тақ таласы ұрысқа ұласқан. Мәселен Алтын Орда дәуірінде, нақтыласақ 1312 жылы Тоқты ханның қазасынан соң болған оқиғаны айтуға болады. Тоқты хан өзінің ізбасары немересі болу керек деп есептеді. Себебі оның баласы Елбасар бір жыл бұрын көз жұмып, әкесі немересі хан болады деп есептеді. Бірақ екінші ұлы Тоқбұға таққа таласты. Сол сайлауда Өзбек жеңіп, хан сайланды. Демек таққа үміткер үшінші кандидат жеңіп тұр. Өзбек хан түрлі қитұрқы әрекетке барды. 1312 жылы Өзбек хан сайланды. Алтын орда өзгерді, ислам діні келді, — дейді медиевист-тарихшы Жақсылық Сәбитов.
Демек көшпенділерде сайлау жүйесінің болғаны анық.
— Қазақта ханның баласы хан болады деп ешкім кепілдік бере алмады. Хан сайланды, тек оны сайлауға Шыңғыс хан тұқымы, төрелер қатысты. Кейін ХІХ ғасырда аға сұлтандар сайлауы өтті. Ол кезде де сайлаудың өз «саясаты» болды. Мұнда да алғашында Шыңғыс хан тұқымы дауыс беру мүмкіндігін иеленді, кейін әкімшіліктің ықпалы болды. Мәселен Шоқан Уәлиханов үміткер болып, сайлауға түсті. Ол қарсыласын басып озып, жеңіске жетті. Бірақ әкімшілік қысым көрсетіп, ол өз кандидатурасын алып тастады. Нәтижесінде қарсыласы аға сұлтан болып шыға келді. Ресей империясына қосылғанға дейін хан сайлауы болды. Хан өте ықпалды адам. Көрінген адамды сайлауы мүмкін емес еді, — деді Жақсылық Сәбитов.
«Сайлаушы» ретінде әр 50 түтіннен бір адам таңдап алынды — тарихшы
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Мәден де қазақта сайлау болғанын, оның өз ерекшеліктерін айтып берді.
— Хан сайлауы ғұн дәуірі, түркі дәуірінде анық байқалады. Көшпелі дала демократиясының көрінісі. Тек Еуропадағы, Батыстағы секілді біздің жерімізде хан тағы әкеден балаға мұра болмады. Тек әкеден інісіне, немере інісіне өтті. Кейде ағасының баласына берілді. Оны орыс зерттеушілері де, қазақ даласында болған орыс шенділері де айтып, жазды. А.Тевкелевтің еңбектерінен хан сайлауы дәстүрі туралы біле аламыз. Хан сайлауы қалай өткен? Кеңеске дейін де үміткердің кім болатыны талқыланады. Ал жиынға шақырылғанда үш жүзден игі жақсылар келеді. Арнайы орын дайындалып, киіз төсейді. Сол жерде хан төрі болады. Төрде әр ру, тайпа, жүздің игі жақсылары, беделді сұлтаны үш-төрт қатар отырып, жиынның мақсатын хабарлайды. Әрі қарай қаумалап отырған игі жақсылар бірінен соң бірі сөз алып, үміткер туралы айтады. Үміткер жай адам емес. Қазақ хандарының қайсысын алсақ да жай адам емес. Ол ханның қызметін ғана атқармайды. Бір мезгілде әділ би, ерлігімен көзге түскен батыр, дана, ақылгөй болған. Ақ киізге отырғызып, төрт жағынан көтерген соң ол қандай да бір шешім қабылдау құқығына ие болды. Бұл күнді атаусыз қалдырмай, тойлаған, — деді Асылбек Мәден.
Ханды ақ киізге отырғызған кезде хан талапай да, сарқыт та болды. Хан талапай — хан болған адамның киімін сол жердегі игі жақсыға тарату.
Кейін арнайы дайындалған бағалы киім кигізіп, арғымаққа мінгізіп, ортаға алып шығып таныстырады. Сарқытқа келгендерді де күтіп, олар малын алып кеткен. «Хан шашуда» керісінше, тарту жасалды.
Хан сайлауының бәрі ың-шыңсыз, бірқалыпты өтті деген біржақты пікір айтуға болмайды. Талас-тартыс, түрлі іс-әрекеттердің болғаны тарихта айтылады.
— Қайып хан қайтыс болған соң талас болады. Ол кезде де топ-топқа бөлінді, арасында алауыздық болды. Көпшілік шешімімен Болат хан таққа отырады. Оған Әбілқайыр хан тарапы қарсы болады. Алайда көпшіліктің қолдауымен Болат хан билікке келіп, кейін жоңғар шапқыншылығы күшейді. Демек хан сайлауы, оның дұрыс таңдалуы ел ішіндегі тұрақтылыққа әсер етеді. Ноғай ордасында да дәл осындай жағдай болды. Хан емес, билікті билерге береді. Билерге берген тұста әлсіреп, ыдырап кетті, — деді тарихшы.
Хан сайлауы ғұн, түркілер, Алтын Орда дәуірінен өтіп, Патша үкіметіне дейін жалғасты. Патша үкіметі орнағанда ханның беделін түсіп, ХІХ ғасырда реформа жүрді. 1822-1824 жылдары Орынбор қырғыздарын, Сібір қырғыздарын басқарту туралы жарғы шықты, Орта жүз бен Кіші жүзде хандық билік жойылды.
Хандық билік жойылғаннан кейін сайланбалы хандар болды. Бұл Патша үкіметі бекіткен адамдар еді. Демек тағайындау. Сол кезде былық басталып, әркім өзін ұсынды. Әсіресе Әбілқайыр хан өлген соң Кіші жүзде хандық билікке талас болды.
Тарихшының айтуынша, бір өлкеде екі ханның билік құрған кезі де кездескен. Яғни бірін халық өзі қаласа, екіншісін Патша үкіметі жіберді. ХІХ ғасырдың 20-30 жылдарынан бастап ханның орнына сұлтандар сайланды.
— Саяси аренаға сұлтандар шықты. Кіші жүздің өзін аға сұлтандықтарға бөліп, қызмет енгізді. Бірақ олар да жай адам емес, төре тұқымы болды. Міндеті — көші-қонды реттеу, орыс саясатын жүргізу, сауда-саттық жолында тыныштықты сақтау. Патша үкіметі белгілі бір уақытта сұлтандық қыметті пайдаланды, кейін олардың да билігін төмендетті. Бұл 1867-1867 жылдар еді. Кейін «Уақытша ереже» енгізілді, — деді ол.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Асылбек Мәден ғылыми жетекшісі Гүлбану Ізбасаровамен бірге «ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы жергілікті қазақ элитасы және оның трансформациясы» (Ақтөбе өңірінің материалдары негізінде) тақырыбында ғылыми еңбек жазды.
Онда тарихшы зерттеушілердің, архив құжаттарының мәліметіне сүйенген. Ғылыми еңбекте қазақ даласындағы болыс пен ауыл старшындарының сайлауы қамтылған.
— «Уақытша ережеде» болыс басқарушысы мен ауыл старшынын сайлау тәртібі бүге-шүгесіне дейін айқындалды. Болыс басқарушысын сайлау үшін сайлауда оларға дауыс беретін әр ауылдың өкілдері «сайлаушылар» енгізілді. «Сайлаушы» ретінде әр 50 түтіннен бір адам таңдап алынды. Осы «сайлаушылардың» болыс деңгейінде өткен съезінде болыс басқарушысы және осы лауазымға үміткер адам сайланды. Сайлау кезінде артық шарға ие болған адам болыстыққа, ал одан кем шарға ие болған адам үміткерлікке сайланды деп есептелді. Сайлау уезд бастығының немесе оның көмекшісінің қатысуымен өтті, олар сайлау барысына араласпай, тек тәртіпті қадағалады. Жаңа сайланған болыс басқарушысы мен оған үміткерді әскери губернатор бекітті. Әрбір ауылда 10 шаңырақтан бір сайлаушы сайланып, олардың жиынында ауыл старшыны мен оған үміткер сайланды. Ауыл старшынын сайлау болыс басқарушысының қатысуымен өтеді, ол тәртіпті қадағалайды, оның сайлау барысына араласуына тыйым салынған. Сайлау нәтижесінде артық шарға ие болған адам ауыл старшындығына, ал одан кем шарға ие болған адам үміткерлікке сайланды деп есептелді. Ауыл старшындары мен оған үміткерлерді уезд бастықтары бекітті («Материалы по истории», 1960 жыл), — деп жазылған ғылыми мақалада.
Тарихшының айтуынша, болыс басқарушысы ретінде төре тұқымының да өкілдері сайлаған. Қазақ даласында бірнеше рет сайланған болыстар да болды.
— Сайлау, сайлаудың шешіміне тоқтау, сөзге тоқтау — қазаққа жат емес. Сайлау шешімімен келісіп, қолдаған. Тағы бір айта жайт. Хан жалғыз ештеңе шеше алмайды. Ханның серіктестері, үзеңгілестері болды. Шығыс түрік қағанатында Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк үштігі бар. Бірі хан, бірі мықты қолбасшы, бірі данагөй ақылшы, кеңесші, — деді тарихшы.
Еске сала кетейік, біз бұған дейін Қазақстанда Жошы хан дәуірі туралы сериалдың түсірілімі аяқталғанын хабарлаған едік.
Сондай-ақ Қазақ хандығы тұсында сауда-саттық қалай дамығанына тоқталдық.