Қазан айынан бастап Қазақстанда 61 адам иіс тиіп уланып, көз жұмды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы қазан мен 2016 жылғы 31 қаңтар айы аралығында елімізде 61 адам иіс тиіп уланып, көз жұмды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті.

«Бүгінде үлкен проблемалардың бірі - иіс тиіп, содан зардап шегетіндердің мәселесіне тоқталғымыз келеді. Жүргізіліп жатқан алдын алу шараларына қарамастан, халық пешті пайдаланудағы қарапайым қауіпсіздік шараларына назар аудармайды. Тәуліктік жедел ақпарды қарап отырған кезде, толықтай бір отбасының иіс тиіп, улану салдарынан ауруханаға түсіп жатқанын көреміз»,-деп тоқталды реми өкіл.

Оның сөзіне қарағанда, 2015-2016 жылдардағы жылу беру маусымынан бастап еліміздің тұрғын секторында 3359 өрт тіркелді.

«Өрттің басым бөлігі бұрынғыдай мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының бақылауында тұрмаған нысандарда орын алады, яғни олардың негізгісі түрғын үй секторы болып табылады»,-деді Р. Иманқұлов.