ҚазАтомӨнеркәсіп Ақдала уранын игеру мерзімін 2030 жылға дейін ұзартпақшы

Фото: «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясы

АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Uranium Onе арасындағы Ақдала уран кенішін барлау және игеру туралы 25 жылға есептелген келісімшарт аяқталды. 

Ұлттық компания кеніштегі игерілмей қалған 1,5 мың тонна уранды 2030 жылға дейін өңдеу үшін құжат мерзімін ұзартуға күш салып жатыр.

Бірден айту керек, «ҚазАтомӨнеркәсіп» компаниясы келісімшартта көрсетілген шарттар толық орындалғанын айтып отыр. Алайда келісімшарттың негізгі мерзімі аяқталғандықтан 2026 жылдың 28 наурызынан бастап Ақдала кен орнын пайдалану құқығы тоқтатылмақ.

Келісімшарт бойынша Ақдала кеніші «Оңтүстік Төртқұдық–Қарақұм»» атты бірлескен кәсіпорны арқылы барланып, игерілді. Бұл кәсіпорынның 30%-ы, «ҚазАтомӨнеркәсіптің», 70%-ы Uranium Onе-ның үлесінде болды.

 Мемлекет 28 наурызда кен орнын «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясына уақытша сенімгерлік басқаруға береді. Өйткені кеніш иесіз қалса, өндіріс бірден тоқтайды. Ал өндіріс бір тоқтаса, қайта іске қосу үлкен шығынды қажет етеді. Оның үстіне жобаға тартылған мамандар жан-жаққа тарап кетуі мүмкін. Кеніште игерілмеген уранның қоры шамамен 1,5 мың тонна деген есеп бар.

Өңірдегі әлеуметтік теңгерімді, кеніштегі жұмыс орындарын сақтау үшін жоба 2030 жылға дейін жұмыс істеп тұрғаны керек. «ҚазАтомӨнеркәсіп» сол үшін Ақдала кен орнын 2030 жылға дейін игеруге мүмкіндік беретін жаңа келісімшарт жасауға мүдделі.

— Компания өндірістік әлеуетті сақтау және жұмыс ұзақтығын қамтамасыз ету мақсатында Ақдала кен орны бойынша жер қойнауын пайдалануға жаңа келісімшарт алу мүмкіндігін қарастыруда. Бұл ретте келісімшарттың қолданылу мерзімі ішінде жер қойнауын пайдаланушының алдында бекітілген шарттар толық көлемде орындалғанын атап өту маңызды. Осылайша, «ОТХК» БК» ЖШС-нің аталған келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушы ретіндегі құқықтары толық сақталды, — деп жазылған ұлттық компанияның 2025 жылғы операциялық нәтижелері туралы ресми мәліметінде.

Айта кету керек, Ақдала уран кеніші Түркістан облысының аумағында жатыр.

«ҚазАтомӨнеркәсіптің» 2024 жылғы есебінде «Оңтүстік Төртқұдық–Қарақұм» бірлескен кәсіпорнына тиесілі Ақдала мен Инкай кен орындарында 879 адам жұмыс істейтіні айтылған еді.

Еске салсақ, «Самұрық-Қазына» қорының қоғамдық кеңес отырысында «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының табысты жұмысы неше жылға созылатыны туралы болжамдар талқыланған болатын