Қаражат елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғыртуға, аумақтарды абаттандыруға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Жобалардың негізгі бөлігі Степняк қаласында іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, аумағы 25,5 мың шаршы метрден асатын қалалық саябақ абаттандырылып, 27 тұрғын үйдің іргелес аумақтары ретке келтіріліп, ұзындығы 3,7 шақырым көше жолдары жөнделуде. Сонымен қатар, жалпы ауданы 2,5 мың шаршы метр болатын екі көпфункционалды балалар алаңын орнату, мемориалдық кешен мен Біржан сал атындағы аудандық мәдениет үйінің қасбетін жөндеу жоспарланған.
«Семізбай-U» ЖШС — Ақмола облысындағы ірі салық төлеушілердің бірі. Кәсіпорын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты үлес қосып келеді. Компания қызметкерлерінің басым бөлігі — Біржан сал ауданы мен Степняк қаласының тұрғындары.
Қазатомөнеркәсіптің әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесі өзге өңірлерде де жалғасып жатыр. Түркістан қаласында компанияның қолдауымен Woosong University Kazakhstan халықаралық IT-университетінің жаңа оқу ғимаратының құрылысы басталды. Жалпы алаңы 16,5 мың шаршы метр болатын нысан төрт қабатты үш блоктан тұрады. Жобаның сметалық құны — 7,5 млрд теңге. Құрылысты 2027 жылғы жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланған. Жоба заманауи білім беру инфрақұрылымын дамытып, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлауға бағытталған.
Қызылорда облысында да әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2026–2027 жылдары Қазатомөнеркәсіп және оның еншілес әрі тәуелді ұйымдары үш нысанның құрылысына 2,1 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Жаңақорған ауданында жаңа емхана, Ақжол ауылында 150 орындық клуб, Шиелі ауданының Бәйтерек ауылында спорт кешені бой көтереді. Жобалар медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына және бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Аталған бастамалар Мемлекет басшысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар салу жөніндегі тапсырмаларына сәйкес, компанияның қатысу өңірлерін дамытуға бағытталған ауқымды бағдарлама аясында іске асырылып жатыр.