«ҚазАтомӨнеркәсіп» Руандадағы кен орнына неге қызығып отыр
АСТАНА. KAZINFORM — «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы келешекте Өскемендегі тантал мен бериллий өңдейтін зауытқа шикізатты Африка мен Ауғанстаннан жеткізуі мүмкін. «Самұрық-Қазына» қорының қоғамдық кеңес отырысында кәсіпорын басшысы Мейіржан Юсупов осындай мәлімет айтты.
— «ҚазАтомӨнеркәсіптің» тантал, берилий, ниобий сияқты сирек металл түрлерін өңдеуде белгілі бір құзыреттері бар. Біз үшін сирек металдар мен маңызды минералдар негзігі бизнес болмағанмен Үлбі металлургиялық зауыты әлем бойынша бериллий, тантал, ниобий шикізатын өңдеудің толқы циклі бар ең ірі кәсіпорындардың бірі болып отыр. Енді осы металдардың шикізат базасын молайту керек. Осы мақсатпен Қазақстан аумағындағы Нұра-Талды (бериллий) және Жоғарғы Ырғыз (тантал), Қаражал (бериллий) кен орындарындағы жобалар пысықтап жатырмыз. Тантал мен бериллидің нарықтағы бағасын ескерсек, қазір ол кен орындарын игеру тиімсіз. Алайда бұл жұмыстың негізгі мақсаты — ҮМЗ-ні болашақта шикізатпен қамтамасыз ететін қорды қазірден қамдап қою, — деді ол.
Компания осы мақсатпен шетелдегі кен орындарын да зерттеп жатыр.
— Басым бағыттардың қатарында Руанда (бериллий мен тантал) және Ауғанстан (бериллий) бар. Ол кеніштердегі кеннің құрамы Қазақстандағы кен орындарымен салыстырғанда металға бай. Сәйкесінше өңдеудің рентабельділігін арттырады, — деді «ҚазАтомӨнеркәсіп» басшысы.
Сондай-ақ, ол «ҚазАтомӨнеркәсіп» Қазақстан АЭС-іне ядролық отын жеткізуші болуы керек деген ұстанымын айтты.