ҚазАвтоЖол: алдағы төрт жылда Атырау-Доссор жолы 4 жолаққа кеңейтіледі

Фото: ҚР Үкіметі

АТЫРАУ. KAZINFORM — Республикалық маңызы бар Атырау — Доссор тасжолының тарлығы бірнеше жыл бойы жүргізушілердің бас ауруына айналып келді. Өйткені, бұл бағытта ірі кәсіпорындар орналасқан. Сәйкесінше, көлік ағыны артпаса, азайған емес.

Осыдан төрт жыл бұрын 2022 жылы, сол кездегі ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2025 жылы 4 жолақты Атырау-Доссор автожолының құрылысы басталады деп мәлімдеген еді. 

Алайда осы уақытқа дейін бұл жұмыс басталмады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жобаны биыл бастауды жоспарлап отыр. Жауаптылар жалпы ұзындығы 86 шақырым жолды алдағы 4 жылда аяқтамақ. Жобаны «Азия инфрақұрылымдық инвестициялар» банкі мемлекеттік кепілдікке сәйкес қаржыландырады. Әзірге құрылыс жұмысы 140 млрд теңгеге бағаланып отыр. Бірақ бұл жобалау кезінде өзгеруі ықтимал.

— Ақпан-наурызда мердігер мекеме анықталады. Оларға жобалық-сметалық құжат жасауға 1 жыл уақыт беріледі. Құрылыс-монтаж жұмысына 3 жыл керек. Құрылысы аяқталғаннан кейін 7 жыл мердігер күтіп ұстауға міндетті, — деді «ҚазАвтоЖол» ҰК Атырау облысы филиалының директоры Арман Қайреденов.

Қазіргі уақытта бұл жол үшінші санатқа жатады. Жаңа жоба бойынша жол бірінші санатқа ауысады.

Былтыр аталған жолда 43 жол-көлік оқиғасы болып, 24 адам қаза тапқан. Ал биыл жыл басталғалы 2 апат тіркеліпті.

Бүгінде Доссор — Құлсары және Құлсарыдан — Маңғыстау облысы шекарасына дейінгі учаскелерде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр 38 шақырым пайдалануға берілсе, бүгінде Доссордан шыға берістегі 66 шақырым жолда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал Маңғыстауға дейінгі жолды төрт жолақты ету мәселесі Атырау — Доссор бағыты аяқталғаннан кейін ғана қаралмақ.

Осыған дейін Атыраудағы кептелісті азайтатын жобаны аяқтау мерзімі тағы бір жылға ұзарғанын жазған едік.