ҚазАвтоЖол қысқы маусымға 96 пайыз дайын

АСТАНА. KAZINFORM – Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға арналған арнайы техниканың дайындығы 96 пайыздан асты. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Фото: ҚазАвтоЖол

Оның айтуынша, алдағы қысқы маусымда жолдарды күтіп ұстауға 843 кешенді жол машинасы, 265 автогрейдер, 241 тиегіш, 134 бұрандалы қар тазалағыш және 390 трактор жұмылдырылады.

Соңғы екі жылда жол қызметтерінің техника паркі 1 966 жаңа машинамен толыққан. Бұл қыс мезгілінде республикалық жолдарды қардан тазалап, қозғалысты үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қысқы жұмыстарға қажетті материалдар қоры да әзірленген. Жол қызметтері 125,5 мың текше метр құм, 250,6 мың текше метр қиыршық тас елендісін, 99,8 мың тонна техникалық тұз және 18,5 мың тонна көмір дайындаған.

— Жол қызметтерін қысқы маусымға дайындау жұмыстары аяқталды. Қажетті техника мен материалдар жеткілікті. Ауа райы күрт нашарлаған жағдайда да тәулік бойы жұмыс істеуге мүмкіндік бар, — деді Дархан Иманашев.

Бұған дейін Қызылорда-Арал жолында жылдамдықты бақылайтын бейнекамералардың іске қосылғаны туралы жазған едік.