«22 шілде түнгі уақытта Астанада 14 мм жаңбыр жауды. Жалпы 1-22 шілде аралығында елордада 49,3 мм жаңбыр жауған, қалыпты деңгей - 50 мм екендігін ескеретін болсақ, нормадан ауытқу 99 пайызды құрады. Жақын күндері 23 шілде түнде және 24 шілде күндіз қысқа мерзімді жаңбыр мен нөсер болады. Кейін температура біртіндеп жоғарыла бастайды, түнде 13-15 градус, күндіз 23-28 градус жылы», - деп атап өтті «Қазгидромет» РМК қысқа мерзімді ауа-райы болжамы басқармасының басшысы Ардақ Қалменова «ҚазАқпарат» тілшісіне берген жауабында.
Бұның алдында «ҚазАқпарат» агенттігі хабарлағанындай, Астанада нөсерлетіп жауған жаңбырдан қала көшелерін су басып, адамдар мен көліктердің қатынауына едәуір қиындықтар туғызған. Синоптиктердің мәлімдеуінше, демалыс күндері Қазақстанның басым бөлігінде ауа-райы жауын-шашынды болады.
Астанада Орынбор, Қонаев, Республика, Бауыржан Момышұлы сияқты орталық көшелерді су басқан.
«Орынбор-Қонаев қиылысында 10 нөмірлі маршруттың ішіндегі жолаушылар жолдағы оқиғаны өздерінің смартфондарына түсіріп алған. Онда автобустың су үстімен «жүзіп» өткенін көруге болады», - дейді қала тұрғындарының бірі.
фото: © 2016 «ҚазАқпарат»