Қазгидрометтің болжамдары әлі де нақты емес - Беккер

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер «Қазгидромет» РМК жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» бұған дейінгі жылдарға қарағанда жақсы жұмыс істей бастады. Бірақ, бұл әлі де жеткіліксіз. Болжамдары буалдыр әрі нақты емес», - деді ол бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында.

Осы орайда ол еліміздің жер аумағының үлкендігі ауа райын нақты болжауға кедергі келтіретінін айтты.

«Мәселен, Ақмола облысының аумағына 3-тен 14 мм-ге дейін жауын-шашын түседі дейді. Егер жауын-шашын облыстың бүкіл аумағына таралып түссе, онда бұл аз болуы мүмкін. Бірақ, жауын-шашын бір жерге ғана жаууы ықтимал. Яғни, бір жерге ғана шоғырланған жауын-шашын болса, онда бұл жағдайды күрделендіріп жібере алады. 31 наурызда Көкшетауда дәл осындай жағдай орын алып, шамамен 15 см қар түсті. Бұған қоса қар еріді», - деді Владимир Беккер.