Бұл режим Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу туралы жарлықтарының, ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 101-бабының, сондай-ақ «Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы» Заңының 46-бабының негізінде 2022 жылғы 19 қаңтар 00 сағат 00 минутқа дейін қолданылатын болады.
Осы кезең аралығында ҚАЖ бөліністерінің ішкі тәртіптемесі уақытша өзгертіледі. Елімізде орын алған жағдайды ескере отырып, Қылмыстық-атқару кодексінің 105-113-баптарында көзделген сотталғандардың, сондай-ақ тергеу-қамауындағылардың құқықтарын іске асыруда уақытша шектеу шаралары қабылданады.
Бұл ретте, сотталғандарға сәлемдемелер мен сауқаттар заңнамада белгіленген тәртіппен жеткізілетін болады.
Сондай-ақ, ҚР ҚАК 143-бабының 9-бөлігіне сәйкес, қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқан сотталғандар жұмысқа орналасқан ұйымдардан шақыртылып, мекеме аумағында болады.
Барлық мүдделі адамдарды осы шараларға түсіністікпен қарап, шектеу шаралары аяқталғанға дейін сабыр сақтауларын сұраймыз. Сонымен қатар, тек ресми түсініктемелерге сүйенуді және жалған ақпарат таратпауды ескертеміз.⠀
ҚАЖ мекемелерінің ішкі тәртібі қағидаларының 84-тармағына сәйкес, сотталғандарға мекемелерде ерекше жағдайлар режимін енгізу себебінен кездесулер ұсынылмаған жағдайда, пайдаланылмаған күндер сақталып, неғұрлым кеш мерзімде берілетінін ескертеміз.