Биыл Мекке қаласына жасалатын дәстүрлі қажылыққа әлемнің түкпір-түкпірінен 1,6 миллионнан астам мұсылман келеді деп күтіліп отыр. Корольдік билік қалдықтарды басқаруға, аптап ыстықтың салдарын азайтуға, электр көлігін дамытуға және цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударып отыр.
Экология саласындағы негізгі мәселелердің бірі – қалдықтар. Сауд Арабиясының Қалдықтарды басқару жөніндегі ұлттық орталығының мәліметінше, былтырғы қажылық маусымда 348 мың тоннадан астам қоқыс жиналған.
Осыған байланысты билік қалдықтарды жинау және қайта өңдеу жұмыстарын күшейтіп жатыр. Бұл іске коммерциялық емес ұйымдар мен еріктілер де тартылған.
Тағы бір күрделі мәселе – аптап ыстық. Сауд Арабиясының Ұлттық метеорологиялық орталығының болжамынша, қажылық кезеңінде Мекке мен қасиетті орындардағы ауа температурасы 47 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Елдің Денсаулық сақтау министрлігі қажыларды күн өту мен сусыздану қаупін азайту үшін қолшатыр пайдалануға шақырды. Билік мәліметінше, көлеңкеде болу сезілетін температураны 10 градусқа дейін төмендетуі мүмкін.
Қажыларды ыстықтан қорғау үшін соңғы жылдары қажылық өтетін аймақтарға алты мыңнан астам су бүріккіш орнатылып, көлеңкелі аумақтар кеңейтілді. Сондай-ақ асфальттың қызуын азайтатын арнайы жабын төселген.
Денсаулық сақтау саласында да шұғыл әрекет ету жүйесі күшейтілді. Қажылық кезінде үш мыңнан астам жедел жәрдем көлігі, оның ішінде мотоциклдер, электрлі гольф-карлар және 11 санитарлық тікұшақ пайдаланылады.
Сонымен қатар медициналық құралдарды жедел жеткізуге арналған дрондар мен пациенттерді цифрлық сұрыптау жүйелері сынақтан өткізіліп жатыр.
Экологиялық стратегияның маңызды бағыттарының бірі – көлік инфрақұрылымын дамыту. Al-Mashaer электр пойызы Мина, Муздалифа және Арафат аймақтарын байланыстырып, қажылық кезінде екі миллионнан астам жолаушы тасымалдай алады.
Ұзындығы 18 шақырым болатын желі тоғыз станциядан тұрады. Оның өткізу қабілеті сағатына шамамен 72 мың жолаушыға жетеді.
Теміржол жүйесінің іске қосылуы қасиетті орындарға жыл сайын жасалатын шамамен 50 мың автобус рейсін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл көлік жүктемесі мен зиянды шығарындыларды азайтты.
Бұдан бөлек, қажыларды Мекке, Мәдина және рәсім өтетін аймақтар арасында тасымалдау үшін сегіз мыңнан астам автобус пайдаланылады.
Бұған дейін Сауд Арабиясының қажылық маусымында медициналық қызмет саласындағы бақылауды күшейткені хабарланды.
Ал биыл 4000 отандасымыз қажылық парызын өтейтінін жаздық.