Kazinform таспалаған тарихи суреттер
АСТАНА. KAZINFORM – Ғасырдан астам уақыт бойы саясат, экономика, білім, денсаулық, спорт, мәдениет және қоғам тыныс-тіршілігі туралы сенімді әрі жедел ақпарат көзі ретінде мүлтіксіз қызмет көрсетіп келе жатқан Kazinform архивінде өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы сынды салаларды таңбалайтын суреттер легі де мол. Солардың бір парасын агенттіктің 105 жылдық мерейтойына орай оқырман назарына ұсынбақпыз.
Kazinform 105 жылдық мерейтойы аясында 1929 жылдан басталатын бірегей фотоархивін қалпына келтірген еді. Бірегей коллекциядағы бірінші сурет 1929 жылы түсірілген. Фотода – Түрксіб. Түрксібті тұрақты пайдалану 1931 жылғы 1 қаңтарда басталды. Техникалық тұрғыдан қарағанда, бұл магистраль елдегі негізгі желілерден әлсіздеу болды, себебі оны жедел қарқынмен және жеңілдетілген талаптармен салды. Алайда, болашақта қуатын арттыру мүмкіндігі қарастырылған.
Бастапқы жылдары қуатты локомотивтер жетіспеді. Негізгі жүктерді Нп және Ов сериялы паровоздар көтерді. Ал, 1938 жылдан бастап заманауи СОк сериялы локомотивтермен алмастырылды. Бұл жаңашылдық жүк тасымалының тиімділігін арттырды.
Соғыс басталған кезде Түрксіб Қазақстанның қорғаныс міндеттерін орындауда маңызды рөл атқарды. 1941 жылғы 24 маусымда елдегі барлық темір жолдар әскери жұмыс режиміне ауыстырылды. Бірінші кезекте әскери эшелондарға және қорғаныс өнеркәсібіне арналған жүктерге басымдық берілді. Жолаушылар тасымалы күрт қысқартылды. Екінші дүниежүзіліке соғыс кезінде Түрксіб теміржолы тылдың сенімді тірегіне айналды. Теміржолшылар тек пойыз жүргізумен шектелмей, қажетті бөлшектер мен құралдарды өздері жасап, жүздеген түрлі бұйым өндірісін игерді.
Қиын-қыстау кезеңде теміржолшылардың мұндай жанқияр еңбегі — майдан мен тыл арасындағы үздіксіз байланыстың негізі болды. Соғыс жылдары Түрксіб теміржолы бойында 240-қа жуық жаңа нысан салынды. Олардың қатарында Алматыдағы электр зауыты мен вагон жөндеу кәсіпорны да бар.
Үлкен саясат саласынан да сирек кадрлар табылды. Оның ішінде жас Саддам Хусейннің қазақстандық дипломатпен түскен суреті бар.
Дінмұхамед Қонаевқа қатысты жеке коллекция жинақталған. Онда ол жұмыс сәтінде ғана емес, отбасында да бейнеленген.
Сирек тарихи фотосуреттер арасында 1956 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жүргізілген реставрация кезіндегі бұрын-соңды жарияланбаған кадрлар табылды.
Суреттерде соғысқа дейінгі кезеңнің, атап айтқанда 1937-1941 жылдар аралығындағы жағдайлар бейнеленген. Суреттерде шеберлердің қыш қалап жатқаны, әйел жұмысшылардың саз илеу процесіне қатысқаны анық көрінеді.
ҚазТАГ-та жарияланған ақпараттық материалдар мен фотолардың біразы қоғамда оқырман мәдениетін ілгерілетуге, жаңа білімге ұмтылуға, жұмысшы адам мәртебесін көтеруге арналды. Мәселен, 1952 жылдың 4 қаңтарындағы жазбада Петропавлдағы кітап дүкенінің жазылым басылымдары бөлімінде сатып алушылардың үнемі көп болатындығы атап көрсетілген. Сонымен қатар жазылушыларға жаңа кітап беріп жатқан сатушы Ф. Салаутдинованың (сол жақта) суреті қоса ұсынылған.
Мұрағат деректерінен 1953 жылы Жамбыл облысының Свердлов ауданына қарасты «Труд пахаря» кеңшарында су сору үшін жел қозғалтқышының орнатылғаны туралы ақпарат агенттік таспасы арқылы бүкіл республикаға тарағаны жайлы жазба табылды.
1954 жылы наурызда Қазақстанда, Сібірде және басқа өңірлерде «астық өндірісін одан әрі ұлғайту, тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» шешім қабылданды. Егер 1953 жылы республикамыздың үлесіне бұрынғы КСРО-ның бидай егіс алқаптарының 11,3 пайызы тиесілі болса, ал 1960 жылға қарай бұл көрсеткіш 30 пайызға жетті. 1956 жылы Қазақстан алғашқы миллиард пұт (1 пұт 16,3 келіге тең) астық тапсырды.
Сол кездегі қазақстандық БАҚ-тың тақырыптары да бұл жайында сыр береді: «Біз миллиондаған гектар тың жерді игеріп, астық өндірісін арттырамыз!», «Тың жерлерді гүлденген алқаптарға айналдырайық!», «Жаңа жерлерді игеру - біздің жауынгерлік міндетіміз».
Қазақстан өмірінде тың жерлерден бөлек тағы бірнеше танымал ауыл шаруашылығы жобасы болды. Солардың бірі – жүгері өсіру.
«Жүгері қазақстандық алқаптардың патшайымы болуға тиіс» деген ортақ атаумен жүгері егуге кіріскен Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы еңбеккерлері туралы ақпарат агенттігінің суреті жарияланды.
1955 жылы ақпанда Кеңес одағы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы достық, одақтастық және өзара көмек туралы келісімнің бес жылдығына орай көптеген мақала мен жазба жарық көрді. Агенттіктің фотожылнамасында кеңестік мамандардың қатысуымен салынған Қытайдағы алғашқы автомобиль зауытының құрылысы туралы қызықты факт жазылған. Суреттерді агенттік пен Қытайдың Синьхуа ақпарат агенттігі ұсынды. Бұл екі жетекші ақпараттық серіктестің достығы сол уақытта қаланғанын көрсетеді.
1929 жылдан басталатын бірегей фотоархивте 1951 жылы түсірілген түйешінің суреті де бар. Сурет 1951 жылы ҚазТАГ-та жарияланған. БҚО мемлекеттік архивінен аталмыш колхоз бен Зәуреш Ерғалиева туралы деректер табылмады. Дегенмен № 88 түйе зауытының 1938 және 1942 жылғы есептері сақталған. Соғыс жүріп жатқан 1942 жылы зауытта асыл тұқымды түйе жоспары 100,5 пайызға орындалып, 3 410 бас болған. Соның ішінде 784-і № 51 жылқы зауытына беріліп, 2 626-сы қалған. 1943 жылғы 1 қаңтарға 2 641 бас болған. Асыл тұқымды төл жоспары 96,7 пайызға орындалып, 493-тің орнына 477 бота алынған. Бұдан бөлек, 190 жұмыс түйесі есепке іліккен.
Әрбір алматылыққа таныс Медеу мұз айдынының атауы Жетісу губерниясына қарасты Верный уезінің Кіші Алматы болысы 3-ауылының болысы Медеу Пұсырманұлының құрметіне қойылған.
1964 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Қайым Сымақов басқарған комиссия Кіші Алматы шатқалында жасанды бөгет салуды ұсынды. 1966 жылдың қазан айында бөгеттің іргетасын қалау үшін алғашқы жасанды жарылыс болды. Екінші жарылыс 1967 жылдың сәуірінде жасалды. Сол уақытта жаңа Медеу мұз айдынының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны сол уақыт үшін аса ірі сома — шамамен 8,5 млн рубль болды, оның 3 миллионы — Қазақ КСР бюджетінен бөлінді. Жаңа нысан 1972 жылдың желтоқсанында ашылды.
Медеу мұз айдыны теңіз деңгейінен 1691 метр биіктікте орналасқан — мұндай биік нүктеде орналасқан спорттық нысандар әлемде өте аз. Нысан тек орналасқан жерімен емес, инженерлік шешімдерімен де ерекше. Мұз тазартылған судан жасалған, бұл сырғанауды оңай етеді әрі жылдамдықты арттырады. Мұз айдынының негізіне темірбетон құйылып, оның ішінде 170 шақырымдық құбыр төселген. Осы құбырлар арқылы хладагент айналып, мұз қабатын 8 ай бойы ұстап тұруға мүмкіндік берген.
1973 жылдың 16 тамызында Алматыға Кеңес Одағы Коммунистік партиясының Орталық комитетінің Бас хатшысы келді. Дінмұхамед Қонаев оны жаңадан салынған бөгетке апарып көрсетті. Кейін олар Медеуге де барды.
Жеке архивте өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынып, бүгінде Алматы символдарының біріне айналған Көктөбе телемұнарасының тарихи суреті де кездеседі.
Телемұнара құрылысы 1975 жылы басталып, 1984 жылдың 1 маусым күні іске қосылды. Сол кезде бұл нысан әлемдегі ең биік телемұналар арасында 4-орында болды. Қазір 14-орынға түскен. Антеннаны қосқанда биіктігі — 371 метр. Оның ішінде іргетас үстінен салынған алтыбұрышты құрылым — 248 метр, антенна — 123 метр. Одан бөлек телемұнараның 146 метр және 252 метр биіктіктерінде сақина тәріздес екі құрылым бар.
Атырау облысында балық аулау ұжымшарларының негізі 1927 жылы қалана бастаса, көп ұзамай балықшылардың съезі өтіп, «Уралгубрыбак» одағы құрылған. Осы ұжымшардың жұмысына қатысты суреттер де архивте кездеседі.
БАҚ бетінде 1950-1980 жылдар аралығында Каспий теңізінен ауланған алып бекіренің фотосы жиі жарияланған. Сондай фотоның кейбірі Kazinform агенттігінің лентасында көрініс тапқан. Мәселен, фотограф С.Огайдың объективіне 1959 жылы балық консерві комбинаты қызметкерлерінің бекірені бөлшектеу сәті ілінген. Тағы бір фотограф Ю.Шиянов 1960 жылы Каспий теңізіне балық аулуауға шыққан балықшылар кемесін түсірген.