ҚазМұнайГаз және LanzaJet Қазақстанда авиациялық отын өндіретін зауыт салады

Фото: ҚазМұнайГаз

НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM – «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен америкалық LanzaJet технологиялық компаниясының бас атқарушы директоры Джимми Самарцис Қазақстанда тұрақты авиациялық отын өндіретін зауыт салу бойынша негіздемелік келісімге қол қойды.

Тараптар Қазақстанда тұрақты авиациялық отын өндіретін (SAF) зауыт салу бойынша аяқталған техникалық-экономикалық негіздеменің (ТЭН) нәтижелерін және алдағы іс-шараларды қарастырды. Кездесу қорытындысы бойынша ҚМГ мен LanzaJet арасында Негіздемелік келісімге қол қойылды.

Құжат ТЭН нәтижелерін ресми түрде бекітті. Енді жаңа кезең — нақты жобалау (FEED) басталады. Бұл кезең аясында зауыт құрылысы үшін барлық техникалық және экономикалық шешімдер әзірленеді. Бұдан бұрын нарыққа жүргізілген талдау көрсеткендей, 2030 жылға қарай Қазақстанда SAF тұтыну көлемі жылына 70 мың тоннаға жетуі мүмкін.

— Бірлескен жұмыс екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосып, төмен көміртекті даму мақсаттарына жетуде және жаңа технологияларды енгізуге ықпал ететін болады. Жалпы, бұл жоба биологиялық отын нарығының дамуына, авиацияның экологиялық параметрлерін және еліміздің транзиттік әлеуетін жақсартуға оң әсерін тигізбек, — деп атап өтті Асхат Хасенов.

Айта кетейік, SAF (Sustainable Aviation Fuel) — мұнаймен байланысты емес жаңартылатын ресурстардан өндірілетін экологиялық таза авиаотын. Оны дәстүрлі Jet A-1 авиакеросинге қосып пайдалану нәтижесінде парник газдарының шығарындысын 95% дейін азайтуға мүмкіндік береді.

LanzaJet, Inc. — «alcohol-to-jet» тәсілі бойынша этанолдан SAF өндіру технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшы компания. Компанияның технологиясы АҚШ Энергетика министрлігінің Тынық мұхиты солтүстік-батыс ұлттық зертханасымен бірлесіп жасалған. LanzaJet әлемнің ең ірі All Nippon Airways, British Airways және Virgin Atlantic сынды авиакомпаниялармен SAF жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімдер жасасқан.

Еске салсақ, Президент атынан сала ардагерлеріне және ҚазМұнайГаз компаниялар тобы қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді.