«ҚазМұнайГаздың» еншілес компаниясы 4,2 млрд теңгеге көлікті жалға алмақ

АСТАНА. KAZINFORM – «Oil Services Company» ЖШС 4,19 млрд теңгеге кешенді көлік қызметін сатып алуды жоспарлап отыр. Компания автокөлік сатып алудың орнына жүргізушісі бар көліктерді бес жылға жалға алуды неге жөн көрген.

Фото: Kazinform / ИИ

Компания өкілдерінің түсіндіруінше, сатып алу туралы мәліметке сәйкес, тендер үш лотқа бөлінген. Әлеуетті жеткізушілерден өтінім 16 қарашаға дейін қабылданады.

Компания Kazinform сауалына берген жауабында мұнай-сервис саласында қызмет көрсететінін, атап айтқанда, ұңғымаларды салумен, оларды күрделі және ағымдағы жөндеумен айналысатынын мәлімдеді. Сондықтан автопарк ұстау кәсіпорынның негізгі қызметіне жатпайды.

Компания көлікпен қамтамасыз етудің бірнеше нұсқасын қарастырып, шығындарын салыстырған. Нәтижесінде көліктерді ұзақ мерзімге жалға алуды тиімді деп тапқан. Кен орындарында толық жетекті, жол талғамайтын пикаптарды пайдалану жоспарланып отыр.

Мұндай көліктерді таңдау кен орындарындағы жұмыс жағдайына байланысты. Онда аптап ыстықта, құмды дауыл кезінде, жол төселмеген, топырағы сортаң жерлерде жүруге тура келеді. Компанияның мәліметінше, мұндай жағдайда көлік тез тозып, құны төмендейді.

OSC өкілдерінің айтуынша, автокөлік сатып алған жағдайда оны күтіп ұстауға, жөндеуге, жаңартуға, кейін кәдеге жаратуға қосымша қаражат қажет. Бұған қоса, жүргізушілерді, механиктер мен диспетчерлерді жұмысқа қабылдап, көлік жөндеуге қажетті инфрақұрылым құруға тура келеді.

Кешенді көлік қызметі автокөлікті жалға алу мен жүргізушінің қызметімен шектелмейді. Оған техникалық қызмет көрсету, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету, көліктерді жөндеу, істен шыққан автокөліктерді ауыстыру, сақтандыру, салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеу кіреді.

Компанияның пікірінше, көліктерді жалға алу өз автопаркін ұстауға кететін шығындарды болдырмауға, негізгі өндірістік қызметке ден қоюға мүмкіндік береді.

Тендер ашық түрде өткізіліп жатыр. Әлеуетті жеткізушілерге қойылатын талаптар сатып алу порталында жарияланған.

Бұған дейін Қазақстанда 2035 жылға дейін жаңа мұнай-газ кен орындарын игеру жоспары қабылданғанын жазған едік.