Қазпошта басшысы компаниядағы кадр тапшылығының себебін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада өткен брифинг барысында «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев компаниядағы кадр тапшылығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің жалақымыз бәсекеге қабілетті емес. Сондықтан кадр тапшылығы бар. Сонымен қатар, біз қаржылық қызметтерді ұсынатын операторларды жиі оқытатынымызды атап өткім келеді. Оқудан кейін жоғары жалақы бере алатын екінші деңгейлі банктер біздің операторларымызды жалдайды. Сондай-ақ, біз оқытатын курьерлерді жеке курьерлік компаниялар өздеріне жиі тартады. Өйткені, олардың жоғары жалақы төлеуге мүмкіндігі бар», - деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев.

Бұрын хабарлағанымыздай, Алматыдағы «Қазпошта» филиалы қызметкерлерінің төмен жалақыға қатысты білдірген наразылығынан соң, арнайы жұмыс тобы құрылды.

Еске салайық, 16 қыркүйекте Алматыда «Қазпошта» АҚ филиалы ғимаратының алдына бір топ қызметкер жиналып, жалақыны көтеруді талап еткен болатын . Онда кейбір қызметкер тіпті 40 мың теңге жалақы алатындарын да айтқан еді. Дегенмен аталған компания бұл апараттты жоққа шығарды.