Қазпошта есепшісі талан-таражға салған қаржыны жасыру үшін тонады деп шағымданған

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының полиция қызметкерлері «Қазпоштаның» ауылдық бөлімшелерінің бірінде есепші болып істейтін 27 жастағы әйелдің өтірігін әшкереледі. Бұл туралы ҚазАқпаратқа аймақтағы ІІД-інің баспасөз қызметі хабарлады.

23 тамыз күні Еңбекшіқазақ ауданындағы ІІБ-нің кезекшілік бөліміне белгісіз біреудің Қазпошта бөлімшелерінің біріндегі есепшіге шабуыл жасап, 782 000 теңгені жымқырғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Полиция куәгерлерден сұрау алып, зардап шегушіге медициналық сараптама жасатып, кассаларға тексеру жүргізген.

«Ұйымдастырылған тексеру нәтижесінде жалпы көлемі шамамен 5 миллионға жуық ақшаның жетпейтіні анықталды. Қайтадан ашылған жағдайлар бойынша есепші кассадағы ақшаның жетіспеуіне байланысты жалған ақпаратты өзі ұйымдастырғанын мойындады», - деп мәлім етті ІІД-інің баспасөз қызметі.

Полиция арыз берушінің өзі ұйымдастырған жалған мәліметтер жеткізу   деректері бойынша өндірістік қылмыс қозғай отырып, тонау туралы істің тоқтатылғанын хабарлады.