Қазпоштаны өз күзетшілері тонаған

АСТАНА. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Алматы қаласында криминалдық полиция қызметкерлері наурыз айының ортасында «Қазпошта» АҚ-ның ғимаратына жасалған қарақшылық шабуылына қатысы бар 3 азаматты қолға түсірді.

ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 17 наурыз күні түнгі сағат 2-лердің шамасында 4 қылмыскер ғимаратқа баса-көктеп кірген. Күзетшіге қоқан-лоқы көрсетіп, ұрып-соғып, скотчпен байлап тастаған. Кейін банкоматты сындырып, 13 миллион 858 мың теңгені қолды қылып, оқиға орын алған жерден іздерін суытады.

Анықталғандай, ұсталғандардың екеуі аталған акционерлік қоғамда күзетші болып қызмет етеді, ал үшіншісі бұрын адам өлтіріп сотты болған әлгілердің танысы. Барлығы да Шығыс Қазақстан облысында туып-өскен.

Олардан ұрланған соманың бір бөлігі - 1 миллион 300 мың теңге тәркіленіп алынды. Күдіктілердің сөзіне қарағанда ақшаның қалған бөлігі қылмыстық іске қатысқан төртінші сыбайласта көрінеді.

Ұсталғандар қамауға алынып, қазіргі таңда олардың бұған дейін жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілу үстінде. Қарақшылық шабуылына қатысы бар төртінші күдіктінің жүрген жерін анықтап, қолға түсіру мақсатында жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.