Қазір ұлың үйде қылығы әлеуметтік желіде — Нұрлан Байжігітұлы

АСТАНА. KAZINFORM — Баланың тәрбиесі мен оның әлеуметтік желідегі қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ананың өзі жауапты. Ата-ана баласына қандай үлгі көрсетсе, бала да соны қабылдайды. Бұл туралы имам Нұрлан Байжігітұлы «BIZDIN ORTA» подкастында айтты.

Видеодан алынған кадр

Оның пікірінше, баланың мультфильм немесе телефон көру мәселесінен бұрын ата-ананың өзара қарым-қатынасына назар аудару қажет.

— Мен балалардан бұрын ата-аналарға назар аударғым келеді. Ата-ананың өзіне тәрбие керек. Әйтеуір бала тыныш отырса болды деп, анасы бір телефонға телміріп, әкесі екінші телефонға үңіліп, бір-бірінің жүзін көрмей, сөйлеспей отырса, бала қайда барады? Сондықтан алдымен екі ата-ананың арасындағы қарым-қатынас реттелуі керек, — деді Нұрлан Байжігітұлы.

Имам ата-ананың баламен бірге уақыт өткізуі, табиғатқа шығуы және қарапайым қоғамдық істерге бірге араласуы оның тәрбиесіне оң әсер ететінін айтты.

— Міндетті түрде мемлекет жариялап, сенбілікке шығамыз деудің қажеті жоқ. Қолыңызға бір пакет алып, балаңызбен бірге маңайдағы қоқысты жинап шықсаңыз болады. Қол ұстасып, табиғатта серуендеп қайтыңыз. Балаға осындай қарапайым дүниелер арқылы тәрбие беріледі, — деді ол.

Оның айтуынша, қоғамдағы тазалық мәселесіне де ата-ананың жеке үлгісі арқылы ықпал етуге болады.

— Біз кейде тазалық мекемелеріне ренжиміз. Бірақ бір сөз есіме түседі: «Тазалық — шашпаған жерде болады». Сондықтан өзімізден бастауымыз керек. Дәл сол сияқты гаджет мәселесінде де ата-ана баласына өзі үлгі болуы қажет, — деді Нұрлан Байжігітұлы.

Имам ата-аналар баласының әлеуметтік желідегі белсенділігіне де назар аударуы керек екенін айтты.

— Бұрын «ұлың үйде қылығы түзде» деген сөз бар еді. Қазір «ұлыңның қылығы әлеуметтік желіде, телефонында» деуге болады. Баланың қандай парақшаларға кіріп жүргенін, кімдермен араласатынын ата-ана білуі керек. Ата-ана балаға жақсы дос тауып беруге, енді қазіргі замандағы дос — әлеуметтік желі. Сондықтан баланың кіммен араласатынына, нені көретініне көңіл бөлу маңызды, — деді ол.

Нұрлан Байжігітұлы әлеуметтік желідегі кейбір бейнематериалдардың бала психологиясына кері әсер етуі мүмкін екенін айтып, ата-аналарды сақ болуға шақырды.

— Кейде кішкентай балалардың, қыздардың әлеуметтік желіге би билеп видео түсіріп жатқанын көреміз. Бір қарағанда зияны жоқ, заманауи дүние сияқты көрінеді. Бірақ кейбір қимылдары шектен шығып кетуі мүмкін. Оны ата-анасы көріп, «балам танымал болып жатыр» деп қуанады. Ал сол бейненің бір фрагментін қиып алып, теріс мақсатта пайдаланатын адамдар бар. Сондықтан өте сақ болу керек, — деп түйіндеді имам.

Айта кетейік, Таразда бала тәрбиесіне салғырт қараған анаға 64 мың теңге айыппұл салынды.