Бұл жұмысшы 5 мамыр күні болған жарылыс кезінде омыртқасынан ауыр жарақат алған. Оны Өскеменнен елордаға жеткізу үшін санитарлық авиация тартылған.
Бүгін науқасқа ота жасалды.
— Таңертең ота жасалып, омыртқасына металл бекіткіш орнатылды. Жалпы жағдайы жақсы. Дәрігерлермен тұрақты байланыстамыз, — деді «Қазцинк» ЖШС басқарушы директоры Андрей Лазарев.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта зардап шеккен адамның өміріне қауіп жоқ.
— Мамандандырылған медициналық көмектің деңгейі елордада жоғары. Сондықтан санитарлық авиациямен бірлесіп, науқасты Астанаға жеткізуді ұйымдастырдық, — деді ол.
Дәрігерлер әзірге науқастың толық қалпына келуіне қатысты нақты болжам жасай алмай отыр. Қазіргі уақытта мамандар оның жағдайын тұрақтандыру және алдағы оңалту шараларын жүргізу үшін барлық қажетті көмекті көрсетіп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін Қазцинктегі жарылыстан зардап шеккен жұмысшылардың бірі ауруханада көз жұмғаны хабарланған.