ҚазҰУ-дың студенттер сарайының бір бөлігі опырылып түсті

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматылықтар студенттер сарайының опырылғанын байқап, алаңдаушылық білдірді.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Тұрғындардың сөзінше, оқиға 23 қыркүйек 23:00–ден кейін Тимирязев көшесінде болған. Олар дауыс ауданға естілгенін айтады. Бұл уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Куәгерлер оқиғадан кейін жарты сағат өтсе де, полиция мен өрт сөндірушілердің келмегенін жазды.

Көпшілік мұны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттер сарайы деп болжады.

Ал университеттің баспасөз қызметі студенттер сарайына реконструкциялау жүргізілетінін мәлімдеді.

Фото: threads.com

Университеттің мәліметінше, Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 30 жыл бойы күрделі жөндеуден немесе реконструкциядан өтпеген.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— 2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жай-күйіне сараптамалық тексеру жүргізді. Оның нәтижесінде бірқатар елеулі ақау мен зақым болған жерлер анықталды, — деп хабарлады ҚазҰУ баспасөз қызметі.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Атап айтқанда, тексеру барысында темірбетон ригельдерінің бір бөлігінің жоқтығы, бағандардың коррозияға ұшырап, кей жерлерде қисаюы, ригельдер мен бағандардың түйісу орындарының бұзылуы, сондай-ақ темірбетон конструкцияларының майысуы мен деформациялары анықталған.

Фото: threads.com

Сонымен қатар ғимарат қасбетінің жылу оқшаулау қабатының бұзылғаны және шатырдың металл конструкцияларында коррозия мен жергілікті деформациялар бары анықталған.

Фото: Александр Павский / Kazinform

Университеттің хабарлауынша, анықталған ақаулардың басым бөлігін ғимараттың ішкі әруін бөлшектемей, оны сырттай анықтау мүмкін болмаған. Сол себепті кешенді реконструкция жүргізу қажеттігі туындағанын атап өтті.

Фото: Александр Павский / Kazinform

— Студенттер сарайының тарихи-мәдени құндылығын, оның қоғамдық орталық және мәдени-көпшілік шараларды өткізетін алаң ретіндегі маңызын терең түсіне отырып, бұл нысанды сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылданды, — делінген ресми мәлімдемеде.

Еске салайық, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қайтарылған аумақтағы бизнес-орталық сүрілуі туралы хабарланды.