Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қайтарылған аумақтағы бизнес-орталық сүрілді ме
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Сот үкімімен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қайтарылған аумақтың қазіргі жай-күйі туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтып берді.
Бір жыл бұрын депутат Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заңсыз беріліп кеткен жері сот шешімі шыққанына қарамастан қайтарылмағанын және ол аумақта салынған көпқабатты бизнес орталық әлі сүрілмегенін айтқан болатын.
ҚР Парламент Мәжілісінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жүргізілген тікелей эфир барысында Бақытжан Базарбек бұл мәселеге байланысты тағы да пікір білдірді.
— 2021 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жекеменшікке кетіп қалған қанша жерін мемлекетке қайтару туралы тексеріс бастадық, сот шешімі де шықты. Ол бойынша кадастрлық нөмірі 019 және 021 жер телімдері мемлекетке қайтарылды. Бұрынғы меншік иелері Жоғары сотқа кассациялық шағым жолдады. Бірақ Жоғары сот бұл шағымды қараусыз қалдырып, бірінші сатыдағы соттың және апелляциялық соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Былайша айтқанда, Esentai Mall-дың жанындағы 10 қабаттық бизнес орталықтың астындағы жер ресми түрде мемлекеттік меншікке өтті деуге болады, — деді ол.
Бақытжан Базарбек қазір басты мәселе — қайтарылған аумақта салынған ғимараттың тағдырын анықтау екенін атап өтті. Айтуынша, нысанның меншік иелері оны бұзуға не университетке беруге келіспей отыр.
— «Atlas Development» ЖШС-ы енді өзі шешуі керек. Бизнес орталықты өздері бұзу керек, не болмаса нысанды университеттің қарамағына беруі керек. Соған байланысты үндеу де жасадым. Бірақ меншік иелері ғимаратты университетке бергісі келмейді. Керісінше, Алматы қаласының жер қатынастары басқармасына ғимаратты салуға кеткен шығынды өтеуге байланысты талап қойып отыр. Бұл мәселеге байланысты біз әлі күресеміз. Егер меншік иелері жерді босатпаса, бизнес орталықты мәжбүрлі түрде сүру туралы талап қоямыз, — деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Бас прокуратура талан-таражға түскен ҚазҰУ жеріне қатысты Алматы әкімдігіне жүгінгенін жазғанбыз.