Келер жылы 24 ауылға газ жетеді — Ақтөбе облысы
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл Ақтөбе облысында тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 95,7%-ға жетті. Бұл туралы облыс әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
— Биыл 2 мыңнан астам тұрғыны бар 7 ауылды сумен қамтамасыз еттік. Келесі жылы 5,5 мыңнан астам халқы бар 11 ауылға ауыз су жүргізіп, таза ауыз сумен жабдықтау мәселесін толық шешеміз. Бұдан басқа, ауылдарды одан әрі газбен қамтамасыз ету міндеті өзекті болып қала береді. Биыл 2 мыңға жуық халқы бар 5 ауылды газдандыруды аяқтап, қамтамасыз ету үлесін 95,7%-ға дейін жеткіздік, — деді Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.
Оның айтуынша, келер жылы 9,8 мың халқы бар 24 ауылды газдандыру арқылы газбен қамту деңгейін 96,8%-ға дейін жеткізу міндеті тұр.
Сонымен қатар, өңірде қолданыстағы магистральдық газ құбырларының жүктемесі мәселесін шешу үшін «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісін салу жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл алдағы 50 жылда облыс орталығындағы газ тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.
Одан әрі Асхат Шахаров жол жөндеу және жаңғырту жұмысына тоқталды. Биыл бұл мақсатқа 64,5 млрд теңге көзделген.
— Ақтөбе қаласының 200-ден астам көшесін қалыпқа келтіру бойынша ауқымды жұмыс басталды. Оның ішінде тұрғын алаптардағы және елді мекендерге кіреберіс жолдар бар. Сол сияқты 500 шақырымнан астам жолға асфальт төселді. Жыл қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі 75-тен 78%-ға дейін жетті, — деді облыс әкімі.
Бүгінде республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Ұлғайсын» тас жолының 2 учаскесі бойынша құжат әзірленіп, құрылыс жұмыстары және конкурстық рәсімдер басталды. Ал қалған 5 учаске бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс жұмыстары келер жылы басталады.
— Сондай-ақ, «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» республикалық автожолына орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қазір 25 шақырым пайдалануға беріліп, Қазавтожолмен бірлесе жұмыс жүргізілуде, — деп толықтырды Ақтөбе облысының әкімі.
Бұған дейін келер жылы Ақтөбе облысы 1 трлн теңге инвестиция тарту жоспары туралы айтқан едік.