1 трлн теңге инвестиция: Ақтөбе облысында қандай жобалар қолға алынады

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 11 айда Ақтөбе облысы экономикасына 764 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңірдегі инвестициялық жобалар туралы толығырақ әкім Асхат Шахаров айтып берді.

металлург
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

— Өңірге инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 11 айда облыс экономикасына 764 млрд теңге инвестиция тартылды және І жартыжылдықта 175 млн АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартылды, — деді Асхат Шахаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп бере тұрып.

Әкімнің мәліметінше, өңірде макроэкономикалық жағдай тұрақты, экономикалық өсім 106%-ға жетті. 

— «Ақтөбе» индустриялық аймағында металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі салалары бойынша жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ, Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежай базасында жалпы ауданы 858 гектар арнайы экономикалық аймақ (АЭА) құру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Биыл өңірде 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Сонымен қатар қазір «ERG» компаниясының «Болашақ» шахта құрылысы (1 кезең), «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС «Авангард» кен орнын ашу және игеру» және «АҚМЭЗ» ЖШС» майлы дақылдарды өңдеуге арналған астық қоймасын салу» жобалары іске қосылды, қалған 3 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде, — дейді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Асхат Шахаров 2025 жылы облысқа 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылып, 1 мыңнан астам жұмыс орнын құрып, 10 инвестициялық жобаны іске қосу жоспары барын айтты. 

— Әр инвестициялық жоба жеке бақылауымда және өңірдің инвестициялық әлеуетін дамытуға барлық қажетті шара қабылданып жатыр, — деді облыс әкімі.

Айта кетейік, кеше Ақтөбе облысының үш жылдық бюджеті бекітілді.

Соңғы жаңалықтар