Өзбекстан «Қамбарата-1» СЭС-ін Қазақстан және Қырғызстанмен бірлесіп қаржыландырмақ

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — «Қамбарата — 1» су электр станциясы жобасын қаржыландыру 2026 жылы басталады. Бұл туралы «Тұрақты энергетика — Жаңа Өзбекстанның болашағына сенімді қадам» конференциясында сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Әуелі Өзбекстан басшысы кейінгі жылдары энергетика саласындағы жобаларды іске асыруға 35 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылғанын атап өтті. Нәтижесінде электр энергиясын өндіру көлемі 2017 жылғы 60 млрд-тан 2025 жылы 85 млрд кВт/сағатқа дейін өсті.

Бұдан бөлек, Шавкат Мирзиёев энергетика саласында Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың жүйелі жолға қойылғанына тоқталды.

— Кейінгі жылдары біртұтас энергетикалық нарық қалыптастыру бойынша көрші елдермен әріптестікті нығайттық. Өңіріміздің гидроэнергетикалық әлеуетін тиімді пайдалану және оны бірлесіп басқару мақсатында келесі жылы Қырғызстан және Қазақстанмен бірлесіп, «Қамбарата-1» су электр станциясын салу жобасын қаржыландыруға кірісеміз. Бұл ретте, Қазақстан мен Әзербайжан басшылығының Еуропаға электр энергиясын экспорттауға бағытталған «жасыл дәліз» бастамасын іске асырудағы табанды күш-жігерін ерекше атап өткім келеді, — деді Шавкат Мирзиёев.

Көршілес ел президентінің сөзінше, Өзбекстан экологиялық таза жолмен өндірілетін электр энергиясының үлесін арттыра отырып, 7 млрд текше метр табиғи газды үнемдеуді көздеп отыр. Осылайша, ауаға бөлінетін зиянды шығарындылардың көлемі 11 млн тоннаға қысқармақ.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Қамбарата-1» ГЭС-і Орталық Азияның энергетикалық әлеуетін нығайта түседі.

Сонымен қатар, Еуропа Одағы Қырғызстанға «Қамбарата-1» су электр станциясының құрылысына 1 млрд доллар бөледі.