Келер жылы Қазақстан экономикасы қаншалықты өсуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында еліміздегі 2027 — 2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы қаралды. Бұл тұрғыдағы есеп-қисап экономиканың қазіргі жағдайын, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуіне қатысты бағалауын және сыртқы нарықтардағы конъюнктура ескеріле отырып қалыптастырылды.

Фото: Kazinform

— Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, 2026 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3 пайызды, 2027 жылы 3,4 пайыз. Жалпы болжамның жақсарғанына қарамастан, Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдерінде жалпы ішкі өнім өсімінің баяулауы болжанып отыр. Халықаралық ұйымдар мен жаһандық инвестициялық банктер 2027 жылға арналған мұнай бағасы бойынша болжамдарын төмендетті. Консенсус-болжам барреліне 70,3 АҚШ долларына дейін төмендетілді. Сыртқы жағдайлардың өзгеруіне байланысты болжамның үш нұсқасы қарастырылды. Оптимистік нұсқа бойынша мұнайдың болжамды бағасы барреліне 85 АҚШ доллар. Экономиканың орташа жылдық өсімі 5,9 пайыз деңгейінде болжанады. Ал пессимистік нұсқада мұнай бағасы барреліне 50 АҚШ доллар. Жалпы ішкі өнім өсімі орта есеппен 3,2 пайыз болады деп ескерілген. Атап айтқанда, базалық нұсқада мұнай бағасы барреліне 70 АҚШ доллары деңгейінде алынды, — деп түсіндірді Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Жалпы, сыртқы сын-қатерлердің сақталуына қарамастан, Қазақстан экономикасы өсуін жалғастырып келеді. Базалық нұсқаға сәйкес 2027 — 2029 жылдары жалпы ішкі өнімнің нақты орташа жылдық өсуі 5 пайыздан жоғары деңгейде қарастырылған.

Министрлік мәліметінше, номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін өседі.

Экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардағы өндірістің ұлғаюымен қамтамасыз етілмек. Өңдеу өнеркәсібініңөсу қарқыны тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан жоғары болады.

Өңдеу өнеркәсібінің өсуіне металлургия, машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін өндіру негізгі үлес қосады.

— Экономиканың өсу драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы болады. Оның жыл сайынғы орташа өсуі кемінде 5 пайыз. Құрылыста өсу қарқынының 2027 жылы 16 пайыздан 2029 жылы 17,3 пайызға дейін артуы болжанған. Бұған көліктік-логистикалық, энергетикалық және су инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі жобаларды жоспарлы іске асыру, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік-инфрақұрылымды жаңғырту ықпал ететін болады. Қызмет көрсету саласында да тұрақты серпін сақталады. Сауда орта есеппен жылына 5,7 пайызға, көлік және қойма саласы 10,4 пайызға, ақпарат және байланыс 9,2 пайызға өседі, — деді Премьер-министрдің орынбасары.

Оң сауда балансы сақталады

Серік Жұманғариннің айтуынша, тауарлар экспорты болжам бойынша 2027 жылы 82,8 млрд АҚШ долларынан 2029 жылы 88,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі, ал импорт 80,5-тен 88,4 млрд АҚШ долларына дейін артады.

— Жекелеген мәселе — инфляция. Болжам бойынша инфляция деңгейінің біртіндеп төмендеуі көзделген. Инфляцияның болжамды дәлізі 2027 жылы 7,5-9,5 пайыз, 2028 — 2029 жылдары 6-8 пайыз деңгейінде анықталған. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2027 — 2029 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды, — деді министр.

Мемлекеттік қаржы параметрлерінің жағдайы

Бюджетті болжау бюджет қағидалары мен 2030 жылға дейінгі мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген нысаналы бағдарларға негізделді. ‎Кірістер 2027 жылы 19,9 трлн теңге көлемінде немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 10,0 пайыз деңгейінде ескерілген. Осы жылғы бағалаумен салыстырғанда 2,8 трлн теңгеге өседі. Кірістердің негізгі ұлғаюы мына факторлар есебінен қарастырылған:

— экономиканың өсуі — 1,7 трлн теңге;

— Қосалқы құн салығын қайтару сомаларының төмендеуі — 1,1 трлн теңге;

— басқа да факторлар — 0,5 трлн теңге.

— Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы бюджет қағидаларына сәйкес, оның көлемі мұнайдың кесімді бағасы бойынша 2027 — 2028 жылдары 2 трлн 430 млрд теңге және 2029 жылы 2 трлн теңге мөлшерінде жоспарланады.

— Мемлекет басшысы «үлкен құрылыс» бағытын айқындап, сондай-ақ Ұлттық қор қаражатын пайдалануға жол берілетінін атап өтті. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салу жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыру міндеті қойылды. Осыған байланысты Ұлттық қордан 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028 — 2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт белгіленді. Қаражат аса маңызды объектілер мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталады, — деді Серік Жұманғарин.

Бюджет қағидаларын қолдануды, кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді жоспарлауды ескере отырып, Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2027 жылы 65,2 млрд АҚШ доллары деңгейінде болжанып, 2028 жылы 67,3 млрд АҚШ долларына және 2029 жылы 70,6 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды деп жоспарланған.

— Республикалық бюджеттің шығыс бөлігінің параметрлері де бюджет қағидаларын қолдануды ескере отырып айқындалды. 2027 — 2029 жылдары шығыстардың өсу қарқыны 109,2–109,4 пайыз деңгейінде тұрақтандырылды. Осыны ескере отырып, бюджеттің шығыстары 2027 жылы 30,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 15,1 пайызды, 2028 жылы — 29,4 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 13,3 пайызды, 2029 жылы — 29,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге шаққанда 12,1 пайызды құрайды. Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес, республикалық бюджет тапшылығы 2027 жылы жалпы ішкі өнімге қатысты 2,3 пайыз деңгейінде айқындалып, 2028 жылы 1 пайызға және 2029 жылы 0,4 пайызға дейін кезең-кезеңімен төмендейді, — деді Үкімет басшысының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, үкіметтік борыш 2027 жылы жалпы ішкі өнімге шаққанда 22 пайыз деңгейінде болжанып отыр. Ал 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімге қарағанда 19,2 пайызға дейін төмендеуі жоспарланған.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Құрылтайдың жалпы отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасар Ерұлан Жамаубаев баға тұрақтылығында тәуекелдер сақталып отырғанын айтты.