Келешек мектебі: үш ауысым мәселесін шешкен жаңа білім моделі таныстырылды

Фото: Астана қаласының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Келешек мектептері» ұлттық жобасының жаңа стандарты көрсетілді. №114 мектеп оқу кабинеттерін зертхана, шығармашылық студия және цифрлық дағдылар орталығына айналдырып, оқушыны жан-жақты дамытуға бағытталған жаңа білім моделін ұсынды. Бұл туралы елорда әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Білім мекемесі үш ауысым мәселесін шешіп қана қоймай, заманауи IT, STEM және қауіпсіздік жүйелерін енгізген. Бұл туралы Президент бастамасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған Астана қаласындағы № 114 орта мектебінің директоры Ұлбала Тойлыбаева айтты.

Биыл ашылған № 114 мектеп елорданың Алматы ауданындағы Ілияс Жансүгірұлы көшесінде орналасқан. Мектептің қызмет көрсету аймағы — Абылай хан, Шәкәрім Кұдайбердіұлы даңғылдары мен Манас, Қайрат Рыскұлбеков, Қажымұқан, Махтумкули көшелері бойындағы тұрғын үйлер.

Фото: Астана қаласының әкімдігі

Білім ошағы басшылығының сөзінше, № 114 мектептің ашылуы аудандағы екі мектептің орын тапшылығы мәселесін шешкен. Ол — үш ауысымда білім берген Сырбай Мәуленов атындағы № 37 мектеп-лицейі мен оқушы тығыздығы жоғары № 32 мектеп-гимназиясы. Аталған екі мектептен 1500-ге жуық оқушы ауысқан. Осылайша, үш ауысымды және тығыздығы жоғары мектептің мәселелері толық шешілген.

— Келешек мектебі — тек білім беретін орын емес, оқушыны ойлауға, зерттеуге, құрастыруға, дамуға бағыттайтын зияткер орта. Мұндағы әр кабинет — оқу процесінің бір бөлігі ғана емес, оқушының тұлғалық, академиялық және цифрлық дағдыларын дамытатын көпфункционалды кеңістік. Қазақ, орыс және ағылшын тілі сияқты пәндік кабинеттерде интерактивті тақта, панель, электронды оқулықтар қарастырылған. Математика, физика, химия және нанотехнолгия, биология кабинеттері графикалық планшеттермен, цифрлық есептеу құралдарымен, геометриялық модельдермен, STEM элементтерімен, шахмат, тоғызқұмалақ ойын құралдарымен жабдықталған, — деді мектеп директоры Ұлбала Тойлыбаева.

Оның сөзінше, келешек мектебіндегі IT-кеңістік тек компьютер сыныбы емес, ол бағдарламалау орталығы, киберқауіпсіздік зертханасы, виртуалды реалдылық (VR/AR) құралдары, 3D-графика және модельдеу сияқты мүмкіндіктерді ұсынады.

– Оқушыларымыздың физиологиялық дамуы үшін соңғы үлгідегі құралдар мен спорттық құрылғылармен жабдықталған екі үлкен, екі кіші спортзал бар. Одан бөлек баланың бос уақытын ұйымдастыруға болатын, демалысын сапалы ететін рекреациялар мен коворкинг зоналар тағы бар. 50 орындық кітапхана мультимедиялық құралдармен қамтамасыз етілген. Ыңғайлы кітап оқитын аумақтармен жабдықталған. Кітапты алып оқу Face ID арқылы жүзеге асады, — деді мектеп директоры.

Сонымен қатар № 114 мектеп STEM, робототехника кабинеттерімен, LEGO, Arduino, Micro: bit платформаларымен, 3D-принтерлермен, инженерлік модельдермен, конструкторлармен, электрондық құралдармен, роботтармен және дрондармен жабдықталған. Бұл оқушының инженерлік ойлауын дамытатын зертхана деуге болады.

– Мектепте спорт бағытында тегін футбол, баскетбол, асық ату, теннис, волейбол, тоғызқұмалақ, бес тас секциялары істеуде. ҚР Оқу-ағарту министрлігі „Ұлттық-практикалық дене тәрбиесі“ орталығымен бірлесіп гандбол, дзюдо секциялары өтуде. Шығармашылық бағыттағы хор, дәстүрлі ән, театр, қолөнер, әдеби өнер, стиль мен эстетика үйірмелері оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырады, — деді Ұлбала Тойлыбаева.

Ғимаратта қауіпсіздік мәселесі де жолға қойылғанын айтады мамандар.

– Мектепте кіретін екі негізгі есік бар. Бастауыш блокта 1-4-сынып оқушылары кіретін есік, орта және жоғары буында бөлек кіретін есік қарастырылған. Ол есіктер мектепке келушілерді тіркейтін вахта мен қауіпсіздік турникеттерімен жабдықталған. Турникеттерде Face ID құрылғылар бар — оқушылар мен ұстаздар, қызыметкерлер Face ID арқылы өтеді. Одан бөлек эваокуциялық шығу есіктері, антипаникалық жүйелер, өртке қарсы жүйелер, бейнебақылау жүйесі қойылған. Кедергісіз орта құру мақсатында жолаушылар лифті, пандустар бар, — деді Ұлбала Оразәліқызы.

Айта кетейік, 1,4 млн-нан астам «Жеке қауіпсіздік» сабағы өткізіліп, оқушылардың 95%-ы оң пікір білдірді.