«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектеп ашылды

АСТАНА.KAZINFORM - Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова айтты.

Фото: gov.kz

– Мемлекет басшысының бастамасымен қала және ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайту және өңірлерде балалардың сапалы білім алуы үшін бірқатар іс-шара қолға алынды. Соның бірі «Келешек мектептері» желісі құрылды. Осы жоба аясында 460 орынға арналған 217 мектеп пайдалануға берілді,-деді спикер.

Оның айтуынша, бұл теңдесі жоқ мектептер адами капиталды дамытуға салынған ұзақ мерзімді инвестиция болып саналады.

Сонымен бірге ол бүгінде жалпы білім беретін мектептердің 90%-дан астамында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалғанын да тілге тиек етті.

– Инклюзивті білім беруді дамытудың басым бағыттары Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында көрсетілген,-деді вице-министр.

Бұдан бөлек Шынар Ақпарова мектептерде 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілгенін атап өтті.

– Оның ішінде 1-4 сынып оқушылары түгелдей және жеке санаттағы 5-11 сынып оқушылары бар. Сондай-ақ мектепте тамақтанудың жаңа стандарты жасақталды. Ол 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымында қолданылып келеді,-деді ол.

Рационды жаңартумен қатар, тамақтану қауіпсіздігі мен мектеп асханаларының санитариялық жағдайына бақылау күшейтілгенін де еске салды.

Бұған дейін биыл қазақстандық балаларға Ұлттық қордан 900 млн доллардан астам қаражат аударылғаны жөнінде жаздық.