Мәселен, Астана қаласындағы № 92 мектепте дәліздің бір бөлігі ұлттық ойындарға бейімделіп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Осының нәтижесінде оқушылардың ұлттық болмысты тануына және өскелең ұрпақ арасында тарихи-мәдени мұраларға құрмет қалыптастыруға жол ашылды.
Сонымен қатар, ұлттық ойындар арқылы оқушылардың ойлау қабілеті, логикасы, қарым-қатынас дағдылары дамып, ұжыммен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасады.
— Ұлттық ойындар баланың танымдық қабілетін дамытып, серіктестікке, әділдікке және топпен жұмыс істеуге үйретеді. Сонымен қатар, оқушылар арасында коммуникация мен ұжымдық қарым-қатынас нығаяды. Бүгінде төмен, орта және жоғары буын оқушылары бұл бастамаға ерекше қызығушылық танытып отыр. Тіпті, мектепішілік жарыстар ұйымдастырылып, үздіктер марапатталды, — дейді № 92 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алуа Кизатуллина.
Еске сала кетейік, Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА-ның 2025–2026 оқу жылына арналған әдістемелік-нұсқау хатында ұлттық ойындарды үзіліс кезінде ұйымдастыру білім беру ұйымдарына ұсыным ретінде көрсетіліп, оны іске асырудың нақты тетіктері айқындалған болатын.
Құжатқа сәйкес, 1-11-сынып оқушылары асық ату, тоғызқұмалақ, бестас, ханталапай, арқан тартыс сынды қазақ халқының дәстүрлі зияткерлік және қимыл-қозғалыс ойындарымен шұғылдана алады.
Айта кетелік Алматыда мектеп бағдарламасына шаңғы сабақтары енгізілуі мүмкін екенін жазған едік.