Кен орындарын қалпына келтіру бойынша жол картасын әзірлеу орынсыз — Үкімет басшысы

Фото: Фото: Павлодар облысы ТЖД

АСТАНА. KAZINFORM — Карьерлерді рекультивациялау жол картасын әзірлеу орынсыз. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-Министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

«2024 жылғы 15 қарашадағы жағдайға сәйкес, қатты пайдалы қазбалар бойынша 371 қолданыстағы келісімшарт және 2351 лицензия бар. Жергілікті атқарушы органдармен бірге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі карьерлерді жою бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізеді. 402 нысанның 322 келісімшарты мен лицензиясы бойынша тексеру немесе жою актілері бар. Жыл соңына дейін жергілікті атқарушы органдардан қалған 80 нысан бойынша актілерді алу жоспарланған», — деді Үкімет басшысы жауабында.

Үкімет басшысының атап өтуінше, тексеру немесе жою актілері бар келісімшарттар мен лицензияларды міндеттемелерімен бірге адал инвесторларға, оның ішінде бұзылған келісімшарттарды аукциондар арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Карьерлерді жою жұмыстары жүйелі негізде жүргізіліп, Үкіметтің тұрақты бақылауында болғандықтан жол картасын әзірлеуді орынсыз деп есептейміз», — деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр жауабына қосымша берілген анықтамаға сәйкес, 2022-2023 жылдардағы келісімшарттар мен лицензиялар міндеттемелерінің орындалуын мониторингтеу нәтижесінде 402 келісімшарт пен лицензия бойынша жер қойнауын пайдалану құқығы тоқтатылды.

Еске салсақ, бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мақта өңдейтін зауыттарға электр қуатын көтерме бағамен беруге не кедергі екенін айтты.