Мақта өңдейтін зауыттарға неге жеңілдетілген электр тарифі берілмей отыр — Үкімет жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында мақта өңдейтін зауыттарға электр қуатын көтерме бағамен беруге не кедергі екенін айтты.

мақта
Фото: АШМ баспасөз қызметі

Депутаттық сауалда Түркістан облысындағы мақта өңдейтін зауыттардың электр қуатын көтерме бағамен тұтынғысы келетіні айтылған. Депутаттардың мәліметі бойынша, мақтау зауыттары 2024 жылдың басынан бері 1 КВт элеткр қуаты үшін 37 теңге төлеп отыр. Ал көтерме бағаны пайдалану үшін бір тәулікте орташа тұтыну көрсеткіші кемінде 1 МВт болу керек. Мақта өңдейтін кәсіпорындардың тәуліктік қуаты бұған жетпейтіндіктен, олар жеңілдіктен қағылып отыр. Сол олқылықты жою үшін депутаттар шекті норманы 1 МВт емес, 0,5 МВт-қа дейін төмендетуді ұсынған.

Серік Жұманғарин элетр қуатын жеңілдікпен тұтыну мүмкіндігі неге алпауыттарға ғана ұсынылатынын мынандай уәжбен түсіндіреді.

«Мәселен, электр энергиясының көтерме нарығы электр энергиясын тікелей сатып алу өздері үшін үнемді болып табылатын тұтыну көлемі ірі қатысушыларға бағытталған. Ірі тұтынушылар электр энергиясына тұрақты және болжамды сұранысты қамтамасыз етеді. Бұл көтерме сауда нарығының тұрақтылығы мен болжамды жұмысына ықпал етеді. Минималды шекті белгілеу нарықты басқарудың әкімшілік кедергілерін азайтады. Себебі шағын тұтынушылар басқару процесін едәуір қиындатып, нарық операторларына жүктемені арттыруы мүмкін», — деп жазылған жауапта.

Вице-премьердің пайымдауынша, шағын тұтынушыларды көтерме нарыққа кіргізсе, қосымша шығындар көбеюі мүмкін. Нақты айтқанда, жүйеде көрсетілетін қызметтердің ақысын, электр қуатымен қамтамасыз ету қызметі сатып алу және теңгерімдеуші нарықтағы теңгерімсіздіктерді сатып алу-сату шығындарын төлеуге міндетті болады. 

«Электр энергиясының көтерме сауда нарығына қол жеткізу үшін кемінде 1 МВт орташа тәуліктік тұтынудың болуы жөніндегі талап энергия жүйесінің тұрақты және тиімді жұмысын қамтамасыз етуге, әкімшілік шығындарды азайтуға және электр энергиясының көтерме сауда нарығының теңгерімді жұмыс істеуі үшін жағдай жасауға бағытталған», — деп жазады Серік Жұманғарин.

Еске салсақ, бұған дейін Серік Жұманғарин шаруаларға астықты кепілдікпен сатып алуға көмектесу керек екенін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар