Полиция әскери базаға қарай шерулетіп бара жатқан, жолдарды жауып, автокөлік дөңгелектерін өртеген демонстранттарға қарсы көзден жас ағызатын газ бен оқ атты. Қаза тапқан екі адамның да өліміне оқ жарақаты себеп болған.
Хабарларға қарағанда, олардың бірі дүкен иесі болған. Ол тәртіпсіздіктерге байланысты сауда орнын жауып, үйіне қайтуға әрекет жасаған кезде оқиғаға тап болған.
Кенияның орталық бөлігіндегі Наньюки қаласында жүздеген адам Лайкипия әуе базасы аумағында АҚШ азаматтарына арналған Эболаға қарсы карантин орталығын құру жоспарына қарсы шеруге шықты.
Наразылықтар Кенияның Жоғарғы соты мекеменің жұмысын және шетелдік науқастарды қабылдауды уақытша тоқтатқаннан екі күн өткен соң басталды. Бұл талап арызды Кения заңгерлер қоғамы мен конституциялық бақылау органы берген.
Ұйымдар Кенияның денсаулық сақтау жүйесінің әлсіздігін алға тартып, Эбола жұқтырған шетелдік азаматтарды ел аумағында карантинге орналастыруға қарсы шықты.
Кения билігі бейсенбі күні АҚШ шетелде жүріп Эбола жұқтырған өз азаматтарын елге қайтарудың орнына Кенияға жіберуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Ақ үйдің жоспарына сәйкес карантин орталығы Лайкипия әуе базасында орналасып, жұма күні 50 орындық бөлімше ретінде жұмысын бастауы тиіс болған.
Еске сала кетсек, бұған дейін Кенияда Эболаға күдікті адамдарға арналған орталықтың ашылуына қарсы жаппай наразылық акциялары өтіп жатқаны хабарланды.