Бүгінде жылу энерго орталықтағы №8, 9, 10, 11 қазандықтардың жұмыстары толық аяқталды. Қалған №7, 12 қазандықта құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Бұдан бөлек, №5,6 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«Бүгінде жылыту маусымына 6 қазандық дайын. Төрт қазандық қайта құрудан өтсе, екі қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. Кентау қаласын тұрақты жылумен қамту үшін 3 қазандық жеткілікті, 3 қазандық резервте болады», - делінген Кентау қаласының әкімдігі таратқан ақпаратта.
Қазір жылу орталығының қоймасында 13,7 мың тонна көмір бар. Одан бөлек, 44 мың тонна көмір тасымалдауға келісімшарт түзіліп, тасымалдау жұмыстары басталған. Сондай-ақ, Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңартылды. 14,5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша жоба әзірленіп, бюджеттік өтінім министрлікке ұсынылған.
Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентау қаласындағы жылу орталығына барып, жөндеу және құрылыс жұмыстарын тағы да бақылады. Қала әкімі, жауапты басқарма өкілдері мен мердігер компания басшыларының есептерін тыңдады.
«Жылыту маусымының басталуына аз уақыт қалды. Жұмысты сапалы атқару маңызды. Елдің сенімін ақтау керек. Әрбір қазандықтағы жұмысты жүйелеп, жылыту маусымына дайындаңыздар. Мәселе қатаң бақылауда тұр», – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, бұдан бұрын Кентауда жылу маусымы ерте басталатындығын жазған болатынбыз.