Биыл Кентауда жылу маусымы ерте басталады
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Биыл Кентау қаласының тұрғындарына қазан айының 15-нен бастап жылу беріле бастайды. Себебі ЖЭО-дағы жөндеуден өткен қазандықтар сол сәтте іске қосылып, тексеруден өтпек. Бұл туралы ЖЭО бас инженері Мұхтар Мұхитдинов мәлімдеді.
Бүгінде Кентау қаласында орналасқан №5 жылу электр орталығындағы тозығы жеткен қазандықтар қайта құру жұмыстарынан өтіп жатыр. Атап айтқанда, №8,11 қазандықтардағы күрделі жөндеу жұмыстары 30 тамызда аяқталған. Ал №9, 10 қазандықтар қыркүйек айының соңында дайын болмақ. №7 және №12 қазандықтардың қайта құру жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады деп күтілуде. Бұдан бөлек, 2 қазандық ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтуде. №5 қазандықты жөндеу бюджет есебінен жүргізілсе, №6 қазандықты жөндеу демеушілер есебінен іске асады.
«Жылу маусымына 6 қазандықпен кіреміз. Оның 4-еуі іске қосылса, екеуі резервте тұрады. Егер күн суытып жатса, резервтегі екі қазандықта іске қосылады. Қазіргі таңда орталықта 150-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр. Жылыту маусымы басталғанда жұмысшылар саны 350-ден асатын болады. Одан бөлек, мердігер компанияда 200-ден астам адам еңбек етуде. Жұмысшылар күндізгі және түнгі ауысымға бөлінген. Яғни, қысқа дайындық күні-түні тоқтаусыз жүргізіліп жатыр», - деді Мұхтар Мұхитдинов.
Жылу энерго орталықтағы қазандықтардың күл ұстағышынан бастап, төбесіндегі мұржасына дейін ауысып жатыр. Сондай-ақ, жаңадан орнатылып жатқан қазандықтарды келешекте газға ауыстыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Яғни, алдағы уақытта орталық көмірден газға көшетін болады.
«Мұндағы жұмыстың баршасы да автоматтандырылып жатыр. Бұрыңғыдай күрекпен көмір салып отыратын уақыттың баршасы да артта қалды. Сондықтан бұл бағытта мамандарды арнайы оқытып жатырмыз», - деді бас инженер.
Орталықтағы жұмыстардың мерзімінде әрі сапалы аяқталуы қатаң бақылауға алынған. Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік-жекешелік әріптестігі тетігі арқылы 240 МВт жаңа газотурбиналық электр станциясының құрылысы жобасын іске асыру үшін үшжақты келісімге қол қайылып, жол картасы бекітілген.
«Бізде екі турбина бар. Осы уақытқа дейін тек біреуі ғана жұмыс істеп келген болатын. Онда өндірілген электр энергиясы ішкі қажеттіліктерге жұмсалып келді. Биыл екінші турбина жөндеуден өтіп жатыр. Бұл ЖЭО өндіретін энергия артады деген сөз. Өзімізден артылғанын сататын боламыз. Тағы бір айта кетер жайт, жыл сайын жел тұрса, орталықта жарық сөніп қалатын. Апатты жағдайларда тікелей соған байланысты туындап келді. Ал, биыл «Оңтүстік жарық» мекемесі электр желілерін реттеп, жөндеуден өткізді. Енді жарық өшсе де, станция істен шықпайды деп отырмыз», - деді Мұхтар Мұхитдинов.
Биыл Кентау қаласындағы 6,6 шақырым магистралды жылу желілері қайта жаңартылды. Оған республикалық бюджеттен 4,6 млрд теңге қаралды. Сонымен қатар 14,5 шақырым жылу желілерін реконструкциялау бойынша жоба әзірленді.
Айта кетейік, Кентау қаласының жылу электр орталығының іргетасы 1934 жылы қаланып, жабдықтары 1952 жылы орнатылған. Сондай-ақ, негізгі материалдық жабдықтарының 85 пайызы тозған. Бүгінде ЖЭО электр энергиясын өндіреді және Кентау қаласының тұрғындарын жылумен қамтамасыз ететін жалғыз стратегиялық нысан болып табылады. Қала бойынша жылу тұтынушы 3255 нысан болса, жалпы 16 мыңға жуық абонент бар.
Өткен жылу маусымында Кентаудағы жылу энерго орталық 10 минутқа өшіп қалып, салдарынан қала тұрғындары жылусыз қалды.