Кентауға жылу беріле бастады

Кентауға жылу беріле бастады, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

Түркістан облысының Кентау қаласына жылу беріле бастады. Биыл жылу энерго орталығындағы 8 қазандықтың 4-еуі жөндеуден өтсе, қалған 4-еуіне қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Екі қазандыққа «BI group» компаниясы, ал тағы екі қазандыққа «ЭМ-Холдинг» ЖШС демеушілік жасап, жөндеуден өткізіп берді. Қазір 4 қазандыққа қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 2 қазандық, ал келесі жылы тағы 2 қазандықтағы қайта құру жұмыстары аяқталады деп жоспарлап отырмыз», - деді «Кентау сервис» МКК директоры Серік Симтиков.

Қазір жылу энерго орталығында 2 қазандық жұмыс істеп тұр. Екі қазандық резевке қойылған. Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды кезең-кезеңімен іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандар 10 күн көлемінде қалаға толыққанды жылу берілетін болады деп отыр. Сондай-ақ авариялық қызмет жүйесі де іске қосылған. Ондағы жұмысшылар тұрғын үйлерден шыққан ақауларға шақыртулар бойынша барып, су жіберген құбырды қалпына келтіріп жатыр.

Сонымен қатар орталықтағы жылу жүйелерін және қосалқы қондырғыларын қайта құру жұмыстары да қатар жүргізілді. Қаладағы тозығы жеткен 6,6 шақырым магистралдық жылу жүйелерінің 4,7 шақырымы қайта құрудан өтті. Ал қалған 1,9 шақырым мен 4 кері сорғы станциясын жөндеу жұмысы келесі жылы жасалмақ.

Мамандардың сөзінше, келешекте жылу энергия орталығын газға ауыстыру көзделген. Осыған орай жеткізуші газ құбырының құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Бұл газ құбыры бірнеше күрделі мәселелерді шешпек. Атап айтқанда, ЖЭО мен Хантағы ауылын газбен қамтамасыз ету, Индустриалды аймақ, Кентау байыту комбинаты мен Кентау эксковатор зауыттарына арнайы қосылу нүктелері қарастырылған.

Жалпы, Кентаудағы ЖЭО 14 000 астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 347 көпқабатты үй, 106 бюджеттік мекеме, 401 коммерциялық нысан және 2229 жеке сектордағы үй бар.

Айта кетейік, бұдан алдын Кентаудағы жылу орталығы жабдықтарының 85 пайызы тозғанын жазған болатынбыз.