Жалпы трансформатор шығаратын зауытта қызмет ету екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. «Тарс-тұрыс» еткен станок дауыстарының арасында жүріп, түрлі майдың иісімен тыныстауға көпшілік шыдай бермесі анық. Одан бөлек, қатал тәртіп пен техникалық қауіпсіздікті сақтау деген талаптың да үдесінен шыға білеу қажет.
Ал, нәзік жандылар үшін бұл өте ауыр еңбек екенін айтпасақ та түсінікті. Таң атқаннан күн батқанға дейін еңбек етіп жүрген аяулы арулар, кешкісін отбасы ошақ қасынан табылатыны тағы бар. Міне, осындай ауыр еңбекті еңсеріп жүрген жанның бірі Халила Ізбасарова.
Көпбалалы ана Қазақстандағы машина шығаратын трансформатор зауытындағы еңбегімен мақтанады. Тынымсыз еңбек пен ұқыптылықты талап ететін жұмысында сыйлы, әрі көпке үлгілі. Ұжымдастарының алдында абыройлы.
«Жалпы көпшілік әйел адамы үшін зауытта жұмыс істеу қиын деп түсінеді. Дегенмен де өзіңе ұнаған жұмыстың қиындығы болмайды. Сондай-ақ, көңілің қалаған жұмысқа ешкім де кедергі бола алмайды. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Ерлермен иық тиістіріп зауытта еңбек ету мен үшін үлкен мақтаныш. Әрі, аз ғана еңбегімізбен Кентау қаласының дамуына, трансформаторлардың шет елге экспортталуына үлес қосып келеміз. Ең бастысы - трансформаторлардан халық жарық алып отырғанын көргенде өзімді бақытты сезінемін» - дейді еңбек адамы.
Халила Ізбасарова алғашқы еңбек жолын 1984 жылы Кентау қаласындағы Тігін фабрикасында тігінші болып бастаған. Ал, 1985 жылы бір мектепте оқыған Аймахан Ізбасаровпен шаңырақ көтерді.
1986 - 1993 жылдар аралығында «Ащысайтүстіметалл» комбинатының «Ромашка» балалар бақшасында тәрбиеулеушінің көмекшісі қызметін атқарды. 1993 жылдан
2003 жылдар аралығында отбасылық жағдаймен Монғолияға қоныс аударды. Онда жұбайы қызмет етсе, өзі бала тәрбиесімен шұғылданды.
2007 жылы туған жерге қайта оралды. Содан «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамының №2 цехына трансформаторлар өзегін ораушысының оқушысы қызметіне орналасты. Кейін еңбекқорлығымен қызметте жоғарылай түсті. Арада біраз уақыт өткенде оған үшінші дәрежелі трансформаторлар өзегін ораушы деген жауапкершілік жүктелді.
«Әрине, қаладағы жалғыз трансформатор зауытына жұмысқа орналасу осындағы жергілікті тұрғындардың арман, мақсаты болатын. Дегенмен, ауыр жұмысқа шыдамаған жандар да көп болды. Алғашқыда, 17 жыл бұрын жұмысқа орналасқан кезімде мен де көп нәрсені білмейтін едім. Білікті де, білімді әріптестерім мен ұстаздарымның қасында жүріп тәжірибемді шыңдадым. Үйрендім. Біліктілігімді арттырдым. Қазіргі таңда өзім де шәкірт тәрбиелеп келемін. Оларда осында еңбек етіп жатыр. Шәкіртерімнің жетістігін көргенде қатты қуанамын», - дейді Х. Ізбасарова.
Ол еңбек жолында көптеген марапатқа қол жеткізген. Зауыт басшылығының атынан бірнеше рет алғыс хатпен марапатталған.
«Кентау трансформатор зауыты – электр энергетикасы, машина жасау саласындағы бірегей кәсіпорын. Зауыт шығаратын өнімдер халықаралық сапа және қауіпсіздік стандартына сай келеді. Сонымен қатар, біздің зауыт сапалы трансформаторлармен қатар энергия үнемдейтін трансформаторларды да шығарады», - деді ол.
Жұмысын адал атқаратын Халила Ізбасарова жауапты жұмысшы ретінде әріптестері арасында құрметіне бөленген жан. Ал, үйде немере жұбатып отырған көпбалалы ана. Бүгінде бес қыз бен бір ұлды тәрбиелеп өсірді. Қазір немере сүйіп отыр. Ұл-қыздарына барлық отбасылық құндылықты меңгерткен. Үлкенге құрмет, кішіге ізетін қарайтын балалары да жоғары оқу орындарын бітіріп, өз мамандықтарымен қызмет етіп келеді.
«Еңбек адамды өсіреді. Еңбек еткен адамның жаман болғанын көрген емеспін. Еңбек адамына елдің ықыласы ерек. Ал, таза еңбектің наны тәтті. Сондықтан, ұл-қыздарыма, немерелеріме әрдайым білім алыңдар, еңбек етіңдер деп кеңес беріп, ақыл айтып отырамын» - дейді Халила Ізбасарова.