Кесірткелер мен жарқанаттар Берлиндегі тұрғын үй құрылысына кедергі келтіріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Берлинде тұрғын үй тапшылығы мен жануарлар түрлерін сақтау мәселесі арасында ерекше қайшылық туындады. Bild газетінің хабарлауынша, кішкентай ғана кесіртке ел астанасындағы алғашқы зәулім тұрғын үй ғимаратының құрылысын баяулатуы мүмкін, деп хабарлайды Euronews.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Биіктігі 167 метр болатын, мыңнан астам пәтері бар мұнараны Warschauer Brücke көшесінде салу жоспарланған. Алайда құрылыс алаңының дәл жанында қатаң қорғалатын тіршілік иесі – құм кесірткесі мекендейді. Сарапшылардың есебінше, болашақ ғимарат оның мекен ету аумағының едәуір бөлігін көлеңкеде қалдырады. Әңгіме болашақта күн сәулесі аз түсетін 1300 шаршы метрден астам аумақ туралы болып отыр.

Бұл әсіресе жылуды сүйетін жануарлар үшін үлкен мәселе болуы мүмкін. Сондықтан жобаны жүзеге асыру үшін ауқымды қорғаныс шараларын қабылдау жоспарланған.

Bild газетінің мәліметіне с.йенсек, жануарларды құрылыс алаңынан аулақ ұстау үшін жерге 20 сантиметр тереңдікке көмілген ПВХ үлдірінен қоршау орнатылады. Сонымен қатар құм мен қураған ағаштардан арнайы балама мекен ету аймақтары жасалады.

Мұнда басқа жануарлар да маңызды рөл атқарады: таңертең ерте және кешкі уақытта құрылыс жұмыстары уақытша тоқтатылуы тиіс, ал іңір түскен кезде крандардың қозғалуына мүлде тыйым салынады. Себебі дәл осы уақытта жарқанаттар қорек іздеп ұшып жүреді және техникамен соқтығыспауы керек.

Тіпті құндыздардың да әсері бар: олардың құрылыс алаңына кіріп кетуіне жол бермеу үшін аумақты тұрақты түрде күзету қажет, өйткені олар небәрі бірнеше жүз метр қашықтықта тіршілік етеді.

Түрлерді қорғау қажеттілігіне қарамастан, кейбір саясаткерлер тұрғын үй құрылысына көбірек көңіл бөлуге шақырып жатыр. Жалға алу ақысының өсуі мен баспана тапшылығы жағдайында құрылысты жеделдетуге қызығушылық артып келеді.

ХДС/ХСС парламенттік фракциясының құрылыс саясаты жөніндегі өкілі Ян-Марко Лучак Bild басылымына берген жауабында Берлинде «мыңдаған пәтер» жетіспейтінін атап өтті.

– Соның салдарынан жалдау ақысы өсіп, пәтер алуға деген кезек барған сайын ұзарып барады. Бізге қолжетімді тұрғын үйді көбірек салу қажет және бұл абсолютті басымдыққа айналуы тиіс. Миллиондаған жылдық сәтті эволюциядан кейін құм кесірткесі ешқандай ресми рұқсатсыз-ақ күннің жылы жерін өзі табатыны анық, – деді Лучак.

Еске сала кетсек, Германияда құлап қалған 55 жасар пілді құтқару операциясы драмаға айналғанын жаздық. 

Сондай-ақ Германияда 360 метрлік әлемдегі ең биік жел турбинасы салынып жатыр.