Кейінгі жеті жылда балабақшалар желісі қаншалықты артты

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы үш жылда Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарда 234 мың жаңа орын ашылды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов мәлім етті.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

— Бүгінде елімізде 12 000-нан астам мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істеп тұр. Бұл нысандарда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Соңғы жеті жыл ішінде мектепке дейінгі ұйымдар желісі 1 483 нысанға артты. Инфрақұрылымның мұндай өсімі жаңа балабақшалар салу, қолданыстағы нысандарды жаңарту және олардың сыйымдылығын арттыру, сондай-ақ жаңа мектепке дейінгі ұйымдар мен шағын орталықтарды ашу арқылы жүзеге асырылды, — деді Жайық Шарабасов.

Оның сөзіне қарағанда, кейінгі үш жылда мектепке дейінгі мекемелерде 234 мың жаңа орын ашылды.

Бұған дейін жемқорлардан қайтарылыған қаражатқа қанша мектеп салынғанын жазған едік.