Кейінгі жылдары бұзақылық деректері көбейіп барады - Геннадий Шиповских
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда бұзақылық әрекеттер — мектептердегі агрессивті мінез-құлықтан бастап, көшедегі төбелестер көбейіп барады. Бұл туралы сенатор Геннадий Шиповских мәлім етті.
– Соңғы уақытта ел ішінде ұрлық, орынсыз жанжал, бейәдеп әрекеттер мен көпшілік алдында төбелес секілді келеңсіз көріністер жиілеп кетті. Мұндай бұзақылықтар қоғамда үрей тудырып, жұртшылықтың әділет пен тәртіпке деген сенімін әлсіретеді. Мектерде де бұзақылық өршіп тұр, яғни балалар оқуға бара ма әлде төбелеске бара ма?! – деді Г.Шиповских Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Депутаттың айтуынша, 2022 жылы ұсақ бұзақылық бойынша 15 282 іс тіркелсе, 2023 жылы 17 429, ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 22 мыңға жуықтаған. Мұндай құқық бұзу деректері жыл сайын тұрақты түрде артып отыр. Ол бұл жағдайға жүйелі профилактиканың жоқтығы, бейнебақылаудың жеткіліксіздігі және жастармен жұмыстың әлсіздігі себебінен болғанын атап өтті.
- Қоғамдық тәртіп пен азаматтық қауіпсіздік – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі. Бұзақылыққа қарсы күресті күшейту үшін Үкімет тарапынан нақты шаралар қабылдау қажет. Біріншіден, бұзақылық пен ұсақ бұзақылықтың алдын алу жөніндегі кешенді ұлттық жоспар қабылдау керек. Екіншіден, жергілікті атқарушы органдар мен ішкі істер органдарының профилактикалық жұмыстарын күшейтіп, учаскелік полиция инспекторларының әлеуетін арттыру маңызды. Үкіншіден, жастар арасында тәртіп пен жауапкершілікті күшейтетін, яғни отбасылық тәрбие мен мектептегі моральдық-этикалық құндылықтарға негізделген жаңа бағдарламалар әзірлеу қажет. Төртіншіден, қоғамдық орындарда бейнебақылау жүйелерін кеңейту арқылы құқық бұзу жағдайларын дер кезінде анықтау мүмкіндігін арттырға болады. Сонымен қатар бұзақылық жасағандарға жазаны қатаңдату мәселесін қарастыру керек, әсіресе, бұзақылық қайталанған кезде тиісті жауапкершілікті күшейту қажет, – деді Геннадий Шиповских.
Еске салсақ, былтыр Шығыс Қазақстанда қыздар арасында болып жатқан әлімжеттік туралы мақала жазған едік.