ҚХА делегаттары студенттерге қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі жайлы айтып берді және ел атына кір келтірмей, өздерін лайықты ұстап жүруге, жақсы білім алып, болашақта елге пайда тигізуге шақырды.
Кездесу барысында үштілділікті дамыту тұжырымдамасы, 5 институционалдық реформаның маңызы, отансүйгіштік ұғымы және оның қалай көрініс табатыны жайлы әңгіме өрбіді. Студенттер ҚХА қызметі туралы бірқатар сұрақтар қойды. Кездесуден соң делегаттар мен қазақстандық студенттер әңгімені бейресми жағдайда өрбітті, KSAC-тың идеялары мен бастамаларын (Қазақстандық студенттер орталығын ашу және т.б) талқылады.
Еске сала кетейік, қазақстандық делегация құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары Зухра Саяпова, Надежда Настерова, «Дұңған этномәдени орталықтар қауымдастығы» АА басқармасының мүшесі Шәкір Хахазов, «Қазақстан республикалық ұйғыр мәдени орталығы» АА төрағасы Шаймардан Нұрұмов, ҚХА Алматы облысы бойынша хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, ҚР ПӘ ҚХА хатшылығының инспекторы Еділ Оспан, ҚР СІМ сыртқы саяси талдау және болжау департаментінің кеңесшісі Аида Ермекқалиева кірді.