КХДР Ресей-Украина қақтығысына өз әскерінің қатысатынын растады

Фото: Фото: KCNA

АСТАНА. KAZINFORM – КХДР билігі Украинамен әскери қақтығысқа қатысу үшін Ресейге әскери қызметкерлерін жібергенін алғаш рет растады, деп хабарлайды ВВС.

Yonhap Корея орталық ақпарат агенттігінің (KCNA) мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлағандай, әскерді жіберу екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы келісімге сәйкес «Солтүстік Корея көшбасшысы Ким Чен Ынның бұйрығымен» жүзеге асырылды.

- Украина билігінің Ресей Федерациясына авантюралық басып кіруіне тойтарыс беру үшін Курск облысын азат ету операциялары жеңіспен аяқталды, - делінген KCNA хабарламасында.

Онда КХДР Қарулы күштерінің бөлімшелері операцияларға «мемлекет басшысы Ким Чен Ынның бұйрығына сәйкес» қатысқаны қосылып айтылған.

Сенбі күні Ресей Бас штабының басшысы Валерий Герасимов Владимир Путинге Курск облысындағы жағдай туралы есеп беріп, «Солтүстік Кореяның әскери қызметкерлері аймақты азат етуге айтарлықтай көмек көрсеткенін» мәлімдеді.

Герасимовтың мәлімдемесі КХДР әскерлерінің Ресейге жіберілгені туралы алғашқы ресми растау болды.

Оңтүстік Корея КХДР-мен диалогке ашық екенін жазған болатынбыз.