АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 2 ақпанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Амур» (Хабаровск) командасына қарсы өткізді.
Елордалық команданың он бір ойыншысы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Қысқы Азия ойындарына аттанып кетті. Соның салдарынан олар соңғы екі кездесуде негізінен жастарға үміт артып отыр.
Бүгінгі кездесу барысында да қазақстандық команда ресейлік ұжымға лайықты қарсылық көрсете алған жоқ. Өз қақпасына жауапсыз бес гол жіберіп, турнир кестесіндегі жағдайын одан әрі қиындатып алды.
Кездесуде ресейлік клубтан Иван Мищенко 13, Владислав Барулин 17, 37, Артур Гиздатуллин 38, Девин Броссо 39-минутта мергендік танытты.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 0:5 есебімен есе жіберді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» түзде «Авангардтан» жеңіліп қалды.
Енді елордалық клуб 4 ақпанда «Адмирал» (Владивосток) командасымен шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.