ҚХЛ: «Барыс» түзде «Авангардтан» жеңіліп қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Елордалық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасы аясында түзде омбылық «Авангардпен» ойнады, деп хабарлайды Kazinform Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Кездесу алдында айдын иелері басты фаворит саналып, астаналық клубты жеңетіні болжанған.
Ғалым Мәмбеталиев жаттықтыратын команда бұған дейін қатарынан 12 рет жеңілгеннен кейін сәтсіздік сериясын тоқтатып, елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасын жеңген еді. Бірақ бұл жолы сол сәтті ойынын көрсете алмады.
Бірінші кезең алаң иелерінің пайдасына шешілді. «Авангард» жауапсыз 3 шайба соғып, басымдықтарын анық аңғартты. Екінші кезеңде Батырлан Мұратов есеп айырмасын қысқартқанымен, шешуші үшінші кезеңде айдын қожайындары тағы екі гол соғып, жалпы есепті 5:1-ге жеткізді.
Еске сала кетейік, 31 қаңтарда «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Авангард» (Омбы) командасына қарсы өткізетінін хабарлаған едік.