ҚХЛ: «Барыс» бүгін «Адмиралмен» ойнайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін, 6 қарашада Ресейдің «Адмирал» (Владивосток) командасына қарсы өткізеді.

Фото: «Барыс» ХК

Кездесу Қазақстан уақытымен 14:30–да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатында «Барыс» 22 ойыннан кейін 25 ұпаймен тоғызыншы орында тұрса, «Адмирал» клубы 22 ойыннан кейін 23 ұпаймен он тоғызыншы орынға жайғасқан.

Елордалық команда соңғы алты ойынның екеуінде жеңіске жетсе, ресейлік клуб алты кездесудің төртеуінде қарсыластарын қапы қалдырды.

Екі команда арасындағы соңғы бес кездесудің екеуінде елордалық клуб жеңіске жетті.

«Барыс» командасының құрамы

Қақпашылар: Данил Лыткин («Номад» командасынан келді), Хантер Шепард, Андрей Шутов.

Қорғаушылар: Әділ Бекетаев, Дамир Бритиков, Самат Данияр, Логан Дэй, Иэн Маккошен, Джейк Масси, Бейбарыс Оразов, Чейз Приски.

Шабуылшылар: Абзал Әлібек, Әлихан Әсетов, Джастин Бэйли, Дінмұхамед Қайыржан, Всеволод Логвин, Кирилл Ляпунов, Мэйсон Морелли, Батырлан Мұратов, Әлихан Өмірбеков, Гарретт Пилон, Кирилл Савицкий, Асанәлі Сәркенов, Семён Симонов, Тайс Томпсон, Ансар Шайхмедденов, Аркадий Шестаков.

Владислав Нурек Азия чемпионатына дайындалып жатқан Қазақстан ұлттық құрамасының сапына шақыру алса, Мәди Диханбек қалпына келу процесін жалғастыруда.

Қазақстандық клуб алдағы бір ойынын Ресейде 8 қарашада 12:00–де «Амур» (Хабаровск) командасына қарсы өткізеді.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» Ресейде «Тракторға» есе жіберді.